Қаржылық мониторинг агенттігі интернет-алаяқтық пен есірткі саудасынан түскен кірістерді жылыстату үшін пайдаланылған 130 заңсыз алаңның жойылғанын хабарлады.
Ведомствоның баспасөз қызметінің мәліметінше, қаржылық тергеулер барысында 16,7 млн USDT (шамамен 7,9 млрд теңге) тәркіленді.
Агенттікте түсіндіргендей, схема келесідей жұмыс істеген: «нарко-дүкендердің» иелері мен кибер-алаяқтар ақшаны — теңгемен, доллармен немесе криптовалютамен — заңсыз айырбастау пункттерімен байланысты шоттар мен әмияндарға аударған.
Әрі қарай қаражат бірқатар транзакциялардан өткен, бұл активтердің шығу тегін жасыруға мүмкіндік берген. Бұл қызметтер үшін қатысушылар сыйақы алған.
Операциялар үшін жиі банктік карталар мен жалған адамдардың (дропперлердің) электронды әмияндары пайдаланылған. Осылайша, заңсыз айырбастау қызметтері іс жүзінде кәсіби ақша жылыстатушылар рөлін атқарып, қолма-қол ақша алуды және қаражатты шетелге аударуды қамтамасыз еткен.
«Қаржылық мониторинг агенттігі азаматтардың назарын цифрлық активтерді айырбастау қызметтерін таңдау кезінде жауапкершілікпен қарау қажеттігіне аударады. Қызметі қолданыстағы заңнама аясында реттелетін, лицензиясы бар және ресми тіркелген провайдерлердің қызметтерін ғана пайдалану ұсынылады», – делінген хабарламада.
Ресми және лицензияланған криптобиржалардың тізімімен «Астана» халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) сайтында танысуға болады.
Еске сала кетейік, өткен жылдың қаңтарында Астанада криптовалютаны қолма-қол ақшаға айналдырушылар сотталды. Күдіктілер криптовалютаны ерекше ірі мөлшерде пайда алып, қолма-қол ақшаға заңсыз айырбастауды жүзеге асырған. Олардың қызметінен түскен айналым 15 млрд теңгені құрады.
Кейін астанада криптовалютамен заңсыз операциялар жасады деп айыпталған екі азамат сотталды. Қылмыскерлердің ақша айналымы 7 млрд теңгеден асқан.
Ағымдағы жылдың қаңтарында СҚО-да лицензиясыз криптовалюта қабылдап, айырбастаған үш азамат сотталды. Ақша айналымы 681 млн теңгеден асқан.
Фонд-бюро расследования коррупции