Астанада криптовалютамен заңсыз операциялар жасады деген күдікке ілінген екі адам сотталды. Олар цифрлық ақшаны айырбастағаны хабарланды.
Елордалық прокуратура баспасөз қызметінің мәліметінше, қылмыскерлердің ақша айналымы 7 млрд теңгеден асқан.
«Прокуратура азаматтық іс жүргізу тәртібімен жалпы сомасы 7,9 млрд теңге болатын 4 талап қою арызын берді, олар сот шешімдерімен қанағаттандырылып, жауапкерлерден келтірілген залалдың сомасы толық көлемде өндірілді», — делінген хабарламада.
Еске салайық, былтырғы маусымда Алматы тұрғыны криптовалютаны заңсыз айырбастағаны үшін айыппұл төлегені белгілі болды. Оның «Binanсe» криптоәмиянына түскен ақша сомасы шамамен $693 мың (шамамен 310 млн теңге) құрады.
Өткен жылдың желтоқсанында Астана тұрғынын криптовалютаның заңсыз айырбастау пунктін ұйымдастырды деп күдіктегені хабарланған болатын. ҚМА мәліметінше, 2023 жылғы ақпаннан шілдеге дейін қылмыскер криптовалютаны 342 млн теңгеден астам сомаға аударған.
Биылғы қаңтарда Астанада криптовалютаны қолма-қол ақшаға айналдырушылар сотталды. Күдіктілер аса ірі көлемде табыс табу мақсатымен криптовалютаны қолма-қол ақшаға заңсыз айырбастауды жүзеге асырған. Қызметтен түскен айналым 15 млрд теңгені құрады.
Фонд-бюро расследования коррупции