Алматы қаласы бойынша Қаржылық мониторинг агенттігінің (ҚМА) Департаменті тиісті рұқсат құжаттарынсыз цифрлық активтердің заңсыз айналымы фактісі бойынша тергеуді аяқтады.
Ведомство баспасөз қызметінің мәліметінше, 2020 жылғы қыркүйекте кәмелетке толмаған күдікті криптовалюта айырбастау туралы хабарландырулар орналастырған.
Криптобиржаны «Binance» пайдалануға тек кәмелетке толғандар ғана құқылы болғандықтан, ол ағасына аккаунт құру үшін верификациядан өтуге өтініш жасаған. 2021 жылы ол бұғаттау тәуекелдерін азайту үшін туыстарының атына тағы үш аккаунт тіркеген.
Нәтижесінде 2021 жылдан 2024 жылға дейін күдікті 5,6 млрд теңге сомасына цифрлық активтердің заңсыз айналымын жүзеге асырған.
«Айырбастау бойынша көрсетілген қызметтер үшін сыйақы мөлшері 0,5%-дан 2,5%-ға дейінгі аралықты құрады. Заңсыз алынған сыйақыларға күдікті Mitsubishi маркалы автокөлік сатып алған, оған сот санкциясымен тыйым салынды», - делінген хабарламада.
Сот оны кінәлі деп танып, 2,5 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады. Сонымен қатар, мемлекет кірісіне 5 172 USDТ (шамамен 2,5 млн теңге) сомасындағы цифрлық активтер және Mitsubishi автокөлігі тәркіленді.
2024 жылы құқық қорғау органдары жалпы айналымы 60 млрд теңге болатын 36 заңсыз криптоайырбастау пунктін жойғаны, сондай-ақ 4,8 млн USDT (шамамен 2,3 млрд теңге) сомасындағы активтерді бұғаттап, тәркілегені атап өтілді.
Естеріңізге сала кетейік, 2023 жылғы маусымда Алматы тұрғыны криптовалютаны заңсыз айырбастағаны үшін айыппұл салынғаны белгілі болды. Оның «Binanсe» криптоәмиянына түскен ақша қаражатының сомасы $693 мыңды құрады.
Желтоқсанда хабарланғандай, Астана тұрғыны заңсыз криптовалюта айырбастау пунктін ұйымдастырды деген күдікке ілінді. ҚМА деректері бойынша, 2023 жылғы ақпаннан шілдеге дейін қылмыскер 342 млн теңгеден астам сомаға криптовалюта аударған.
2024 жылғы қаңтарда Астанада криптовалютаны қолма-қол ақшағайырбастаушылар сотталды. Күдіктілер аса ірі мөлшерде табыс алумен криптовалютаны қолма-қол ақшаға заңсыз айырбастауды жүзеге асырған. Қызметтен түскен айналым 15 млрд теңгені құрады.
Кейін елордада криптовалютамен заңсыз операциялар жасады деп айыпталған екі азамат сотталды. Қылмыскерлердің ақша айналымы 7 млрд теңгеден асты.
Ағымдағы жылғы қаңтарда СҚО-да лицензиясыз криптовалюта қабылдап, айырбастаған үш азамат сотталды. Ақша айналымы 681 млн теңгеден асты.
Фонд-бюро расследования коррупции