Skip to main content

АФМ 600 млрд теңгеге заңсыз ойын бизнесінің схемасын анықтады

Submitted by Вера Александрова on

Қаржы мониторингі агенттігі (ҚМА) заңсыз ойын бизнесін жолын кесу бойынша жүргізілген жұмыс туралы хабарлады. Іс-шаралар барысында қызметкерлер трансшекаралық аударымдардың ірі схемасын анықтады, оның аясында ақша қаражаты төлем ұйымдары арқылы өтіп, заңды операциялар ретінде бүркемеленіп, онлайн-казино пайдасына шығарылған.

Ведомствоның баспасөз қызметінің мәліметінше, финтех-сервистердің иелері букмекерлік кеңселермен жалған келісімшарттар бойынша сатып алынған «сұр» POS-терминалдарды (төлем карталарынан қолма-қол ақшасыз төлемдерді қабылдауға арналған құрылғылар) және Terminal ID (терминалдағы транзакцияларды бақылауға мүмкіндік беретін идентификаторлар) пайдаланған. 

Бүгінгі күні анықталған заңсыз операциялардың көлемі 600 млрд теңгеден асты. Құқыққа қарсы әрекетке 20-дан астам төлем ұйымы, сондай-ақ екінші деңгейлі банктердің қызметкерлері тартылған.

Сонымен қатар ҚМА төрт онлайн-казиноға техникалық қолдау көрсетіп, ақша қаражатымен операциялар бойынша кеңес берген call-орталықтың қызметін тоқтатты. Оның жұмысына Қазақстан, Ресей, Беларусь, Испания және Вьетнам азаматтары — 120 адам қатысқан. Сонымен қатар, call-орталық ұйымдастырушылары криптовалютада қаражат қабылдау және шығару үшін гемблингтік серіктестік бағдарламасын құрған. Бұл бағдарламаның айналымы 200 млн USDT (100,8 млрд теңгеден) асқан.

Іс-шаралар аясында жедел қызметкерлер 70-тен астам тінту жүргізіп, құқыққа қарсы әрекетті растайтын заттай дәлелдемелерді алып қойды. 

Сот санкциясымен «Төлем ұйымдары қауымдастығы» ЗТБ басшысының кеңесшісін қоса алғанда, тоғыз адамға қатысты күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды. Тағы сегіз адамды, оның ішінде шетел азаматтарын халықаралық іздеу жариялау үшін материалдар дайындалуда.

Еске сала кетейік, бұған дейін Алматыда сотталған заңсыз «PokStars» және «LuckyShark» онлайн-казиноларын ұйымдастырған адамдар тобы. Схемаға қатысушылар банктік аударымдар арқылы ставкалар қабылдаған, одан кейін ойыншыларға логин, пароль және ойын платформаларына кіру сілтемесі берілген.