Таразда криптовалюта платформаларын пайдалануға байланысты қылмыстарды анықтау, ашу және тергеу әдістеріне арналған форум өтті. Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов Қазақстанда соңғы екі жылда цифрлық активтер айналымына байланысты мыңнан астам қылмыстық іс тіркелгенін хабарлады.
Polisia.kz мәліметінше, мұндай істердің шамамен 60% алаяқтық жағдайлары, 25% криптовалюта айырбастау пункттерінің заңсыз қызметі, 15% цифрлық активтер арқылы қылмыстық кірістерді заңдастыру болып табылады. Азаматтар мен ұйымдардың жалпы шығыны 8 млрд теңгеден асты.
Министр орынбасары ІІМ басқа мемлекеттік органдармен бірлесіп киберқылмысқа қарсы күрес жөніндегі жүйелі шаралар кешенін іске асырып жатқанын атап өтті.
Атап айтқанда, күдікті ресурстар мен телефон нөмірлерін бақылайтын және бұғаттайтын Антифрод-орталық құрылды. Ведомствоның деректері бойынша, жыл басынан бері 26 мыңнан астам сайт және шамамен 64 млн күдікті қоңырау бұғатталды.
Форум барысында қатысушылар тергеу әдістерін талқылады, цифрлық іздерді анықтау тәжірибесімен алмасты, сондай-ақ қызметкерлердің біліктілігін арттыру мәселелерін қарастырды.
Еске салайық, бұған дейін Алматы қаласындағы Қаржылық мониторинг агенттігінің (ҚМА) департаменті «Амир Капитал» қаржы пирамидасын құру және басқару фактісі бойынша тергеу жүргізіп жатқаны хабарланған болатын.
Ұйымның Қазақстан, Беларусь, Ресей және Қырғызстан азаматтарының қаражатын тартып, криптовалюта саудасынан, майнингтен және әртүрлі жобаларға инвестициялардан 5–10% кірістілікті уәде еткені атап өтілді.
Сот пирамиданың $10 млн (5,4 млрд теңге) сомасындағы криптоактивтерін, сондай-ақ Алматы облысындағы жер учаскесін тәркілеуге санкция берді.
Фонд-бюро расследования коррупции