Skip to main content

Шымкентте жалған инвестициялық компания салымшыларды 1 млрд теңгеге алдады

Submitted by Вера Александрова on

Шымкент қаласындағы Қаржылық мониторинг агенттігінің (ҚМА) департаменті өзін «ҚазМұнайГаз» АҚ (КМГ) инвестициялық бөлімшесі ретінде таныстырған «Казмунайгаз Инвест» қаржы пирамидасының қызметін тоқтатты.

Ведомствоның баспасөз қызметінің мәліметінше, күдіктілер КМГ акцияларын сатып алудан тез әрі жоғары кіріс және 15 күн сайын 50% мөлшерінде пайда уәде еткен.

Іс жүзінде бағалы қағаздарды сатып алу жүргізілмеген, ал төлемдер жаңа қатысушыларды тарту есебінен жүзеге асырылған. 

Бастапқы жарнаның ең төменгі сомасы 500 мың теңгені құраған. Нәтижесінде 200-ге жуық азамат 1 млрд теңгеден астам қаражатынан айырылған. 

Күдіктілер қылмыстық кірістерге екі қымбат автокөлік (Tank 500 және BMW X5), Түркістан облысында жалпы құны 438 млн теңгеден асатын тұрғын үй мен мейрамхана сатып алған. Мүлікті ықтимал тәркілеуден жасыру мақсатында туыстарына ресімдеген.

Сот санкциясымен аталған активтерге тыйым салынды. Күдіктілер қамауға алынды. Тергеу жалғасуда.