Маңғыстау соты «Oil Transport Corporation» ЖШС — «ҚазМұнайГаз» еншілес компаниясының бас директорының орынбасары және мердігер ұйымның екі өкілін лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдаланғаны үшін бас бостандығын шектеуге соттады. Сотталғандар 250 млн теңгеден астам шығынды өтеді.
Маңғыстау облысы прокуратурасы баспасөз қызметінің мәліметінше, ведомство қызметкерлері мұнай-газ саласындағы кәсіпорындарға тексеру жүргізіп, «Oil Transport Corporation» ЖШС қызметінде бұзушылықтарды анықтады.
Тергеу барысында кәсіпорын және мердігер ұйым басшыларын қоса алғанда, үш адам ұсталды. Сот оларды кінәлі деп танып, әртүрлі жаза шараларын тағайындады.
Кәсіпорын бас директорының орынбасары ауыр зардаптарға әкеп соққан лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдаланғаны үшін сотталды. Сот оған 3 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындады.
Мердігер ұйымның екі өкілінің әрқайсысына 2 жылдан бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Сонымен қатар, сотталғандар 250 млн теңгеден астам шығынды өтеді. Үкім заңды күшіне енді.
Белгілі болғандай, «Oil Transport Corporation» ЖШС — «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ (КМГ) еншілес компаниясы. Компания «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ және КМГ-нің басқа да еншілес ұйымдарына Қаламқас және Жетібай кен орындарында көліктік қызметтердің барлық түрін көрсетеді.
Еске сала кетейік, бұған дейін Шымкент қаласының Қаржылық мониторинг агенттігінің (ҚМА) департаменті КМГ-нің инвестициялық бөлімшесі ретінде көрінген «Қазмұнайгаз Инвест» қаржы пирамидасының қызметін тоқтатты.
Күдіктілер КМГ акцияларын сатып алудан тез әрі жоғары кіріс және әр 15 күн сайын 50% мөлшерінде пайда уәде еткен. Шын мәнінде, бағалы қағаздар сатып алынбаған, ал төлемдер жаңа қатысушыларды тарту есебінен жүзеге асырылған.
Фонд-бюро расследования коррупции