Көлік министрі Марат Қарабаев «Қазақстан темір жолы» АҚ (КТЖ) ірі қарыздары туралы ақпаратқа түсініктеме берді.
Ulysmedia.kz деректеріне сәйкес, министр 2020 жылдан бастап ұлттық компанияның табысты болғанын айтты. Сондай-ақ, бұрын шығынды кезең болғанын мойындады. 2,9 трлн теңге қарыз мемлекеттің қаржы бөлмеуінен қалыптасқан.
Ол қазір ұлттық компания құрылыс, жолаушылар және локомотив паркін жаңартуға байланысты көптеген ірі жобаларды жүзеге асырып жатқанын атап өтті. Оның сөзінше, олар КТЖ-ның меншікті қаражаты есебінен жүзеге асырылуда.
«Белгілі бір жағдайларда мемлекет олардың шығындарының бір бөлігін субсидиялайды. Мұндай да жағдай бар, айталық, жолаушылар тасымалында, бірақ бүгінгі күнге дейін КТЖ ешқашан бірде-бір несиелік қарызды мерзімінде өтей алмаған жоқ. КТЖ компаниясының барлық несиелері уақытылы төленеді. Оның үстіне, 2020 жылдан бастап компания табысты болып келеді. Өткен жылы компанияның барлық қарыздарын төлегеннен кейінгі таза пайдасы 134 млрд теңгені құрады», — деді ол.
Еске салайық, бұған дейін Жоғарғы аудит палатасының (ЖАП) басшысы Әлихан Смайылов КТЖ компаниясы міндеттемелерді орындауға қабілетсіз және несиелік тәуекелдің «қызыл» аймағында тұрғанын мәлімдеді. Ол 2024 жылдың басында компанияның қарызы 2,9 трлн теңгені құрап, өсіп келе жатқанын атап өтті. Сондай-ақ, оның сөзінше, жалпы қарыздың 45% немесе 1,3 трлн теңгесі бұрынғы қарыздық міндеттемелерді қайта қаржыландыруға жұмсалған.
Фонд-бюро расследования коррупции