Маңғыстау облысының 5 мұнай-газ кәсіпорнында миллиард теңге көлемінде ұрлық анықталды.
Өңір прокуратурасының баспасөз қызметінің мәліметінше, «ОйлТранспортКорпорейшн» ЖШС («Қазмұнайгаз» ҰК АҚ еншілес кәсіпорны) лауазымды тұлғалары жеткізушіден техникалық сипаттамаға сәйкес келмейтін, құны 1,5 млрд теңгеден асатын автобустарды қабылдап алған. Сонымен қатар, олардың құны 400 млн теңгеге көтерілген.
Басқа кәсіпорында – «West Oil Software» ЖШС («ОйлТранспортКорпорейшн» ЖШС-нің мердігер ұйымы) жұмыс істемеген тұлғаларға, оның ішінде компания басшылығының сол жерде нақты жұмыс істемеген жақын туыстарына жалақы ретінде 400 млн теңгеден астам қаражат төленген.
Облыс прокуратурасы ҚР ҚК-нің 189-бабының 4-бөлігі (сеніп тапсырылған бөтен мүлікті ірі мөлшерде иемдену немесе ысырап ету) бойынша 5 сотқа дейінгі тергеуді бастады. Сондай-ақ, кәсіпорындардың 4 басшысы ұсталғаны хабарланады.
«Қылмыстық істер облыстың экономикалық тергеу департаментінің өндірісінде жатыр. Тергеу мүддесі үшін басқа мәліметтер жария етілмейді», - делінген хабарламада.
Еске салайық, өткен жылдың желтоқсанында Маңғыстау облысының Жетібай ауылында «West Oil Software» компаниясының 500-ге жуық жұмысшысы еңбекақы мөлшерін ұлттық компанияның бірыңғай еңбекақы жүйесіне сәйкес белгілеуді талап етіп, ереуілге шыққан болатын. Бұл ретте, «West Oil Software» ЖШС-дегі орташа жалақы 700 мың теңгеден жоғары болғаны хабарланған еді.
Фонд-бюро расследования коррупции