Қызылорда облысы бойынша Қаржылық мониторинг агенттігінің (ҚМА) Департаменті «HRT» қаржы пирамидасының қызметін тоқтатты.
Ведомствоның баспасөз қызметінің мәліметінше, ұйымдастырушылар азаматтарға заңды инвестициялық жобаға ақша салуды ұсынған. Оның мәні электр самокаттарын сатып алып, оларды Еуропа елдерінің аумағында жалға беруден табыс табу болған.
Тіркелу үшін қатысушыларға электронды биржалардан криптовалютаны «HRT» арнайы шотына аудару ұсынылған. Негізгі шарт – кемінде екі жаңа салымшыны тарту болған.
Нәтижесінде 200-ден астам азамат ай сайын 1200 долларға дейін бонус алуды күтіп, 50 доллардан 35 мың долларға дейін салған. Заңсыз кірістің жалпы сомасы 28 млн теңгеден асқан.
Тергеу күдіктілердің салымшылардың ақшасына BMW 530I Xdrive және Changan Alsvin маркалы екі автокөлік сатып алғанын анықтады, оларға сот санкциясымен тыйым салынды. Күдіктілерге қатысты үй қамауы түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды.
Сонымен қатар, құқық қорғау органдары еліміздің жеті өңірінде: Ақтөбе, Алматы, Атырау, Жамбыл облыстарында, сондай-ақ Астана және Алматы қалаларында «HRT» қаржы пирамидасының құрылымдық бөлімшелерін құру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізуде.
Еске сала кетейік, бұрын хабарланғандай, Маңғыстау облысы бойынша ҚМА «Sax Invest» қаржы пирамидасының құрылымдық бөлімшесін басқарған ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысты тергеу жүргізуде. Ұйымдастырушылар мыңдаған салымшыдан заңсыз түрде 9 млрд теңгеден астам қаражат тартқан.
Фонд-бюро расследования коррупции