Астанада «Жұлдызай» және «Аяулым» қаржы пирамидаларын ұйымдастыру ісі бойынша үкім шығарылды.
ҚМА баспасөз қызметінің мәліметінше, күдіктілер әлеуметтік желілерде өздерін табысты кәсіпкер ретінде танытып, тендерлерге қатысу арқылы тез ақша табудың схемасын ұсынған.
Инвестицияның ең төменгі сомасы 1 млн теңгеден басталған, ал уәде етілген пайда 40 күн ішінде 90%-дан асқан. Қосымша қатысушылар әрбір тартылған салымшы сомасынан 10% алған. Нәтижесінде қаржы пирамидасына 60 адам тартылып, жалпы залал 490 млн теңгеден асқан.
Белгілі болғандай, күдіктілердің бірі салымшылардың ақшасына астанадағы құны 69,5 млн теңге тұратын элиталық тұрғын үй кешенінен пәтер сатып алып, оны қайын енесіне рәсімдеген.
Содан кейін тергеу басталғанын біліп, ықтимал тәркілеуден жасыру мақсатында жылжымайтын мүлікті үшінші тұлғаға қайта рәсімдеген. Осыған қарамастан, тергеу мәміленің жалған екенін дәлелдеп, сот санкциясымен пәтерге тыйым салынған.
Тергеу барысында күдіктілер зардап шеккендерге 72 млн теңге көлемінде залалды өтеген.
Сот қаржы пирамидасын ұйымдастырушыларды кінәлі деп танып, оларға 5 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын тағайындаған. Қылмыстық жолмен алынған пәтер тәркіленіп, азаматтық талаптар бойынша залалды өтеу есебіне зардап шеккендерге берілген.
Еске салайық, бұған дейін құқық қорғау органдары тұтыну кооперативі деген желеумен жасырынған «Asar Baspana» қаржы пирамидасының қызметін тоқтатқан болатын.
Компаниялардың кеңселері мен фигуранттардың тұрғылықты жерлерінде жүргізілген тінтулер барысында құқық қорғау органдары 1,2 млрд теңгеден астам ақша мен 13 автокөлікті тәркілеген.
Фонд-бюро расследования коррупции