Skip to main content

Балабақшаның бухгалтері Шымкентте 15 млн теңгені жымқырды

Submitted by Вера Александрова on

Шымкент қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты «Ақбөпе» балабақшасының бухгалтеріне қатысты қылмыстық істі қарады. Өңір соттарының баспасөз қызметінің мәліметінше, ол 15 млн теңге жымқырды деп айыпталған.

«Т., №46 «Ақбөпе» балабақшасының бухгалтері, яғни мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілетті тұлғаларға теңестірілген адам, коммуналдық қызметтер мен басқа да төлемдерді төлеу кезінде артық сомаларды есептеп, оларды өз шотына аударып, осылайша жалпы сомасы 15 млн теңгеден астам қаражатты иемденіп, мемлекетке ерекше ірі мөлшерде залал келтірген», - делінген хабарламада.

Сотталушы кінәсін мойындап, соттан бас бостандығынан айыруға байланысты емес жаза тағайындауды сұрады. Ол келтірілген залалды толық өтеді.

Нәтижесінде сот балабақша бухгалтерін кінәлі деп тауып, оған 2 жыл бас бостандығынан айыру жазасын және мемлекеттік қызметте де, мемлекеттік мекемелерде де лауазымдарды атқаруға өмір бойына тыйым салуды тағайындады.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Ақтөбе облысында аудандық білім бөлімінің бұрынғы басшысына, 3 балабақша меңгерушісіне және 4 бухгалтеріне қатысты 240 млн теңгені жымқырды деген күдікпен сотқа дейінгі тергеулер басталған болатын.

Қазан айының басында Астана қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты «Мектепке дейінгі ұйым» МКҚК меңгерушісі мен оның шаруашылық бөлімі жөніндегі орынбасарына қатысты үкім шығарды. Олар сеніп тапсырылған мүлікті жалпы сомасы 13 млн теңгеден астам қаражатқа иемдену және жымқыру бойынша айыпталды.

Қыркүйек айында Ұлытау облысында 2021 жылдан 2023 жылға дейін өз жалақысын көтеріп алған балабақшаның бухгалтері сотталды. 3 жыл ішінде ол жеке шотына 15 млн теңгеден астам қаражат аударған.

Маусым айында ШҚО-да «Катюша» балабақшасының бухгалтері үш жыл бойы жалақы бойынша артық сомаларды есептегені хабарланды. Барлығы ол өз шоттарына 12 млн теңгеден астам қаражат аударған.

Мамыр айында Жаңаөзен прокуратурасы екі мемлекеттік балабақшаның бухгалтерінің бюджет қаражатын жымқыруын анықтады. Ол өзіне 30 млн теңге аударған.