Антикор туризм және спорт министрлігімен бірлесіп, спортты қаржыландыру саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізді, нәтижесінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдері анықталды.
«Орталық деңгейде сыртқы талдау туризм және спорт министрлігінің қызметінде, аймақтық деңгейде облыстық спорт және дене шынықтыру басқармаларында жүргізілді», - делінген ведомство баспасөз қызметінің хабарламасында.
2018 жылдан бастап спорт саласының бюджеті 2 есеге өсіп, 1,4 трлн теңгені құрағаны хабарланады. Алдағы 3 жылға тағы 1,3 трлн теңге бөлу жоспарлануда.
Сонымен қатар, елеулі қаржыландыруға қарамастан, Қазақстан олимпиадалық есептер мен Әлемдік спорт рейтингінде төмен позицияларды иеленіп келе жатқаны атап өтіледі. Сондай-ақ, біздің еліміз күдікті матчтардың саны бойынша сыбайлас жемқор елдердің бірі ретінде танылып, халықаралық Sportradar ұйымының антирейтингінде 4-ші орынды иеленеді.
Белгілі болғандай, бұған мемлекеттік қаражатты тиімсіз жұмсауға әкелетін бірқатар факторлар себеп болып отыр:
- «жоғары жетістіктер» спорты мен «бұқаралық» спортты қаржыландыру арасындағы айқын теңгерімсіздік (жоғары жетістіктер спортының бюджеті бұқаралық спортқа қарағанда 9 есе көп (340 млрд теңге), бұқаралық спортқа 35 млрд теңге). Жоғары жетістіктер спортында шетелдік ойыншыларды жерсіндіру процестері нормаға айналды. Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан олимпиадалық спорт түрлеріне 126 шетелдікті сатып алды, олардың әрбір екіншісі (79) кейіннен отанына қайтып кетті;
- спорттық ұйымдар мен уәкілетті органдардың қаржылық қаражатты бақылаусыз және ашық емес игеруі (жалған оқу-жаттығу жиындарын өткізуге және спорттық үй-жайларды жалға алуға қаражат шығару, спорттық киім мен жабдықтарды бір көзден қымбат бағамен сатып алу, «өлі жандарға» есептеу, жалақыны асыра төлеу және қосарланған қаржыландыру);
- спорттық федерациялар мен кәсіби клубтардың «Самұрық-Қазына» АҚ қаражатын тиімсіз жұмсауы (кәсіби клубтардың өнімсіз ойыншыларына төлемдер арқылы қаражат шығару, кәсіби клубтар басшылығына жоғарылатылған жалақы, жаттығу жиындары деген желеумен 5 жұлдызды қонақүйлерде демалып, сенімсіз агенттік келісімдер жасау бойынша жүйелі тәуекелдер анықталды. 6 жыл ішінде 4 кәсіби клубты қаржыландыруға «Самұрық-Қазына» АҚ-ның 138 млрд теңге демеушілік қаражаты жұмсалды («Астана» ФК - 50,1 млрд, «Барыс» ХК - 48,8 млрд, «Astana Qazaqstan Team» велокомандасы - 31,5 млрд, «Астана» БК - 8 млрд);
- спорттық ғимараттарды тиімсіз басқару (соңғы 10 жылда 55 мемлекеттік спорт ұйымы жеке қолға берілді. Кейіннен сенімгерлік басқарушылар мен жаңа меншік иелері спортшыларды жарыстарға дайындауға және спорт ғимараттарын жалға беруге тек бюджеттен 83,8 млрд теңге алды);
- мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің жалған іске асырылуы (МЖӘ мен спорт ғимараттарын пайдалануды іске асыру деген желеумен мемлекеттік сатып алу және балалар спортын жан басына қаржыландыру рәсімдерін айналып өтіп, балаларға спорттық қызметтер қағаз жүзінде сатып алынады. 2016 жылдан бастап спорт саласында 89,3 млрд теңгеге 77 МЖӘ жобасы іске асырылды, оның 62 млрд теңгесі бюджеттік инвестициялар ретінде төленді);
- спорттық процестерді цифрландырудың болмауы (әлі 2020 жылы енгізу жоспарланған Ұлттық цифрлық платформа Е-sport әзірленбеді. Бейіндік министрлік қазақстандық спорттың жай-күйі туралы толық деректерге ие емес, спорт ғимараттарының, спорт секциялары мен жаттықтырушылардың бірыңғай есебін жүргізбейді).
Талдау қорытындысы бойынша Антикор туризм және спорт министрлігіне спортты қаржыландыру саласын жетілдіру бойынша құқықтық және ұйымдастырушылық шаралар кешенін ұсынды.
Фонд-бюро расследования коррупции