Биылғы жылы құқық қорғау органдары 3 мыңнан астам адамды қылмыстық орбитаға заңсыз тартудың жолын кесті. Азаптау қолдану фактілері бірнеше есеге қысқарды. Бұл туралы прокуратура органдарының жұмыс қорытындысы бойынша алқа мәжілісінде Бас прокурор Берик Асылов мәлімдеді.
Бас прокуратура баспасөз қызметінің мәліметінше, қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде суицид саны 27%-ға төмендеген. Сотталғандардың еңбекпен қамтылуы 15%-ға артқан.
Сондай-ақ ведомство есірткінің заңсыз айналымынан түскен қылмыстық кірістерді бұғаттау алгоритмін іске асыруды бастағанын хабарлады. Белгілі болғандай, прокурорлар 2,6 млрд теңге сомасындағы 195 мыңнан астам «дропперлік» шотты бұғаттауға қол жеткізген. Тергеу аясында 9 млрд теңгеден астам сомаға күдіктілердің активтеріне тыйым салынды.
Жалпы, екі жыл ішінде заңсыз шығарылған активтерді қайтару жөніндегі жұмыс аясында мемлекетке жалпы сомасы 1 трлн 36 млрд теңге ақша қаражаты мен мүлік қайтарылды. Осы қаражат есебінен елдің барлық өңірлерінде 434 әлеуметтік нысан салынды.
Бүгінгі күні 150-ден астам нысанның, оның ішінде 99 медициналық мекеменің, 48 сумен жабдықтау нысанының, екі спорттық және екі білім беру нысанының құрылысы аяқталды.
Сонымен қатар, олигополия субъектілерімен жалпы сомасы 5,2 трлн теңге инвестициялық және әлеуметтік жобаларды іске асыру туралы келісімдер жасалды.
Еске сала кетейік, бұған дейін хабарланғандай, Көкшетауда мемлекетке қайтарылған активтер есептелетін Арнайы мемлекеттік қордан қаржыландырылатын ірі спорттық-мәдени кешеннің құрылысы аяқталуда. Жобаны іске асыруға 12,6 млрд теңге бөлінді.
Фонд-бюро расследования коррупции