Skip to main content

Бас прокуратура мемлекетке 177 млрд теңгені қайтаруға көмектесті

Submitted by Вера Александрова on

Арнайы мемлекеттік қор бүгінгі күнге активтерді қайтару жөніндегі жұмыс аясында 177 млрд теңгеден астам қаражатпен толықтырылды, деп хабарлады Бас прокуратураның активтерді қайтару комитеті.

«Тізілім субъектілерімен жасалған келісімдердің нәтижелері бойынша шамамен 147 млрд теңге, процестік келісімдер бойынша 19 млрд теңге, активтерді сатудан 6 млрд теңгеден астам, сот шешімдері бойынша шамамен 5 млрд теңге және жылжымайтын мүлікті жалға беруден 165 млн теңгеден астам қаражат түсті», - делінген ведомствоның баспасөз қызметі хабарламасында.

Сатылған активтердің қатарында – екі вилла, әкімшілік ғимарат, тұрғын үй, пәтер, жер телімі және екі люкс автокөлік бар.

«Активтерді сәтті сатудың бір мысалы ретінде Алматы қаласындағы жер телімін атауға болады, ол «Заңсыз алынған активтерді мемлекетке қайтару туралы» Заңның субъектісінен 176 млн теңге бағамен қабылданып, 657 млн теңгеге сатылды, бұл бастапқы бағалау құнынан төрт есе дерлік артық», - делінген хабарламада.

Сонымен қатар активтерді қайтару жөніндегі жұмыс аясында қордың 150 млрд теңгеден астам қаражатпен қосымша толықтырылуы күтіледі. Барлық қайтарылған ақша елдің әлеуметтік және экономикалық жобаларын іске асыруға жұмсалатыны атап өтілді.

Естеріңізге сала кетейік, қыркүйек айында хабарланғандай, бұрынғы мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлына тиесілі үш нысанды мемлекет меншігіне қайтару жоспарлануда. Олардың жалпы құны 3,5 млрд теңгені құрайды.

Тамыз айында белгілі болғандай, Қайрат Сатыбалдыға қатысты қылмыстық істер бойынша қайтарылған активтердің жалпы сомасы 732,8 млрд теңгені құрайды.