Skip to main content

Түркістан облысында құмның заңсыз өндірілуі анықталғаннан кейін ауыл әкімі жұмыстан босатылды

Submitted by News_editor on

Түркістан облысының мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасы жер қойнауын заңсыз пайдалануды анықтау және жолын кесу үшін рейдтік іс-шара өткізді.

Ведомство баспасөз қызметінің мәліметінше, ұшқышсыз ұшу аппаратының көмегімен Сауран ауданындағы Курсай өзені бойында жер қойнауының тұтастығын бұза отырып, жалпы таралған пайдалы қазбалар — құм-қиыршық тас қоспасын (ҚҚҚ) өндіру фактісі тіркелген.

Прокуратура өкілдерінің айтуынша, ҚҚҚ-ны заңсыз өндіру халық тарапынан түсетін шағымдардың себептерінің бірі болып қала береді, сонымен қатар өңірдің экологиялық жағдайы мен қоғамдық-саяси тұрақтылығына әсер етеді.

Прокурорлық қадағалау актілері бойынша тәртіптік теріс қылық жіберген Шаға ауылдық округінің әкімі қызметінен босатылды. Аудан әкімінің орынбасары мен бірқатар полиция қызметкерлері тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Еске сала кетейік, бұған дейін Шығыс Қазақстан облысында Самар ауданындағы «Кенқарын» учаскесінде жер қойнауын өз бетінше пайдалану және алтынды заңсыз өндіру фактісі анықталған болатын.

Күдіктілер екі жыл бойы лицензиясыз бағалы металды өндіріп, сонымен бірге Құлынжон өзенінің арнасын өз бетінше өзгерткен. Өңір экологиясына келтірілген залал 82 млн теңгеден асқан.