Жыл басынан бері Қаржылық мониторинг агенттігі (ҚМА) қаржы пирамидаларын құру және басқару фактілері бойынша 57 қылмыстық істің тергеуін аяқтады, келтірілген залал шамамен 20 млрд теңгені құрады.
Ведомствоның баспасөз қызметінің мәліметінше, бүгінге дейін 12 млрд теңгеден астам сома өтелді.
Сонымен қатар ҚМА Алматыда «HitBeatMusic» қаржы пирамидасын құру және басқару фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді аяқтады.
«Алаяқтар өздерінің қылмыстық схемасына шетелдік компанияның нысанын беріп, канадалық музыкалық инвестициялық жобаның акцияларының ірі пакетінің иегерлері ретінде таныстырып, іс жүзінде өздерінің қатысы жоқ компания акцияларын сату арқылы әрекет етті», - делінген хабарламада.
Қылмыскерлер салымшылардың қаражатын тартып, салынған сомадан 10-15% табыс уәде етті. Келтірілген залал 255 млн теңгені құрады. Сот аталған тұлғаларды кінәлі деп танып, оларға 5 жылдан 6 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
«"Қаржы пирамидаларына қарсы іс-қимыл" арнайы жобасын іске асыру басынан бастап еліміздің аумағында әрекет еткен қаржы пирамидаларының құрылымдық бөлімшелерінің ұйымдастырушылары, атап айтқанда "Qnet", "World Business Consulting", "Finiko", "Antares"/"Antares Trade", "Sincere Systems Group"/"S-Group", "Hermes LTD", "Life is good", "Chia Tai Tianding"/"Chia Tai Pharmaceutical", "Energy Eolus Oazqstan"/"Eolus" жауапкершілікке тартылды», - делінген хабарламада.
Еске сала кетейік, бұған дейін белгілі болғандай, ҚМА «Sax Invest» қаржы пирамидасын құру және басқару фактісі бойынша бір топ адамға қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүргізуде. 2018 жылдан 2022 жылға дейін оның қатысушылары 3 мың салымшыны тартты. Қаражат айналымы $18 млн (шамамен 9 млрд теңге) құрады.
Қазан айының басында Шымкентте «Пайызсыз баспана» қаржы пирамидасының ұйымдастырушылары сотталды. Олардың әрекеттерінің нәтижесінде 134 азамат 171 млн теңгеден астам залал шекті.
Қыркүйек айында Қарағандыда «Life is good Hermes Management LTD» қаржы пирамидасының ұйымдастырушыларының бірі сотталды, оның 7 салымшысы жалпы сомасы 108,7 млн теңге материалдық залал шекті.
Сонымен бірге Астанада «Chia Tai Pharmaceutical» қаржы пирамидасы филиалының басшысына үкім шығарылды. Сотталушы фармацевтикалық зауытқа инвестиция салуды желеу етіп, салымшылардың қаражатын тартқан. Нәтижесінде 12 жәбірленуші 29,2 млн теңге жоғалтты.
Одан сәл бұрын БҚО-да "Качество PLUS" ЖШС қаржы пирамидасының ұйымдастырушысы сотталды. Сотталушы 73 салымшының ақшасын тартқан. Жәбірленушілердің материалдық залалы 143 млн теңгеден асты.
Фонд-бюро расследования коррупции