Skip to main content

«Sax Invest» қаржы пирамидасының салымшылары 18 млн доллар жоғалтты

Submitted by Вера Александрова on

Қаржы мониторингі агенттігі (ҚМА) «Sax Invest» қаржы пирамидасын құру және басқару фактісі бойынша бір топ адамға қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізуде. 
 
Ведомствоның баспасөз қызметінің мәліметінше, компания өзін инвестициялық қор ретінде таныстырған. Уәде етілген дивидендтер (ай сайын 2-3%), қатысушыларға тек жаңа салымшылардың қаражатын тарту есебінен ғана төленген. 

«Азаматтарға ақшаны сенімгерлік басқаруға беруді ұсынып, брокерлік қызмет көрсету, бағалы қағаздар нарығында сауда жасау және Ангола Республикасындағы (Африка) алмас өндіру жобасына инвестициялау бойынша қызметтерді орындауға сендірген», - делінген хабарламада.

«Sax Invest» ресми сайтында тіркелу және жеке кабинетке кіру үшін жобаның клиентінен сілтеме алу қажет, яғни кіру тек шақыру-сілтемесі арқылы ғана жүзеге асырылады.

«Бонустар жаңа салымшыларды тарту шартымен ұлғайтылды, кейін оларды компания жүйесінде басқа тұлғаға аудару арқылы ақшалай алуға болады делінген», - делінген хабарламада.

Салымшылардың ақшасы компанияның шотына емес, ұйымдастырушының жеке банк картасына аударылғаны атап өтілген. 

2018 жылдан 2022 жылға дейін қаржы пирамидасының қатысушылары 3 мың салымшыны тартқан. Қаражат айналымы 18 млн долларды (шамамен 9 млрд теңге) құраған. 

«Sax Invest» қаржы пирамидасын ұйымдастырушылардың бірі ұсталып, уақытша ұстау изоляторына орналастырылды. 

Еске сала кетейік, бұған дейін Шымкентте «Пайызсыз баспана» қаржы пирамидасын ұйымдастырушылар сотталған. Олардың әрекеттерінің нәтижесінде 134 азамат 171 млн теңгеден астам шығынға ұшыраған. 

Қыркүйек айында Қарағандыда «Life is good Hermes Management LTD» қаржы пирамидасын ұйымдастырушылардың бірі сотталды, оның 7 салымшысы жалпы сомасы 108,7 млн теңге материалдық шығынға ұшыраған. 

Сонымен қатар Астанада «Chia Tai Pharmaceutical» қаржы пирамидасының филиал басшысына үкім шығарылды. Айыпталушы фармацевтикалық зауытқа инвестициялау деген желеумен салымшылардың қаражатын тартқан. Нәтижесінде 12 зардап шеккен 29,2 млн теңге жоғалтқан. 

Одан сәл бұрын БҚО-да «Качество PLUS» ЖШС қаржы пирамидасын ұйымдастырушы сотталды. Айыпталушы 73 салымшының ақшасын тартқан. Зардап шеккендердің материалдық шығыны 143 млн теңгеден асқан.