Астана қаласының Қаржылық мониторинг агенттігінің (ҚМА) департаменті «Happy Life KZ» қаржы пирамидасының қызметін тоқтатты.
Ведомство баспасөз қызметінің мәліметінше, күдікті 2016 жылдан 2024 жылға дейін биологиялық белсенді қоспаларды сатқан сыңай танытып, әрбір жаңа қатысушы үшін 10%-дан 300%-ға дейін табыс уәде етіп, салымшыларды тартқан.
Жарна құны 7 500 теңгеден 2 млн теңгеге дейін өзгерген. Нәтижесінде 35 адам 286 млн теңгеден астам қаражатынан айырылған.
«Барлық зардап шеккендер – жеңіл табыстың тартымды уәделеріне сеніп, жинақтары басқа салымшылар арасындағы қаражатты қайта бөлу схемасының бөлігіне айналатынын білмеген зейнеткерлер екенін ерекше атап өту маңызды», - делінген хабарламада.
Белгілі болғандай, күдікті заңсыз алынған ақшаға Астанадағы элиталық тұрғын үй кешенінен 36 млн теңге тұратын пәтер сатып алған.
Сот санкциясымен аталған пәтерге тыйым салынды. Сот күдіктіге қатысты бұлтартпау шарасы ретінде кетпеуге және тиісті мінез-құлыққа қолхат алуды таңдады. Сотқа дейінгі тергеу жалғасуда.
Еске сала кетейік, бұған дейін хабарланғандай, Павлодар облысы бойынша ҚМА департаменті «Автолюкс» қаржы пирамидасын құру және басқару фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізуде.
Болжамды ұйымдастырушы қаржы пирамидасына 100 млн теңгеден астам қаражат салған 150-ден астам адамды тартқан.
Фонд-бюро расследования коррупции