(8 қаңтар 2026 | Дереккөз: ҚР Қаржылық мониторинг агенттігі)
Қаржылық мониторинг агенттігінің (ҚМА) Павлодар облысы бойынша департаменті HAS қаржылық пирамидасы туралы істі тергеудің белсенді кезеңін қайта бастады. Себеп - жүздеген миллион теңге көлемінде зиян келтірілгенін мәлімдеген азаматтардың жаңа арыздары болды.
СОТ НЕ АНЫҚТАДЫ
Бұған дейін сот HAS қаржылық пирамидасын ұйымдастырушыларды кінәлі деп танып, оларды 6 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыруға үкім шығарды. Жәбірленушілерге келтірілген залалды өтеу шеңберінде жалпы құны 1,2 млрд теңгеден асатын мүлікке өндіріп алу қолданылды.
Активтер тізіміне 4 пәтер, 18 автокөлік, 3 жер телімі, тұрақ орындары, тұрғын емес үй-жай, сондай-ақ шоттардағы ақша қаражаты кірді. Сот орындаушылары жәбірленушілерге 300 млн теңге сомасында төлем жүргізді.
БҰРЫН ХАБАРЛАНҒАНЫ
2025 жылғы наурызда Павлодардағы сот «HAS» қаржылық пирамидасы туралы істің негізгі эпизоды бойынша үкім шығарды . 2022 жылдан 2023 жылға дейінгі кезеңде бас ұйымдастырушы жоғары кірісті салымдардың атымен азаматтардың қаражатын тартумен айналысқан қылмыстық топ құрып, оны басқарғаны хабарланды.
Салымшыларға 70% дейін кірістілік уәде етілген, нәтижесінде Астана, Алматы, Павлодар, Екібастұз және басқа да елді мекендердегі 376 азамат схемаға қатысушыларға 2 млрд теңгеден астам қаражат берген.
Сот қаржылық пирамиданың негізін қалаушыны кінәлі деп тауып, оған 12 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Топтың қалған мүшелері де әртүрлі мерзімдер мен жаза түрлерін алды.
Сондай-ақ, 2023 жылғы сәуірде Павлодар облысында «HAS Holding» қаржылық пирамидасын ұйымдастырған адамдар тобы ұсталғаны хабарланды. Салымшылармен келісімшарттар бірнеше заңды тұлғалардың, оның ішінде «Upgrade-AS» ЖШС, «Holding AS», «ХАС-Логистик», «light-AS» және басқа да компаниялардың атынан жасалған.
ЖАҢА АРЫЗДАР МЕН ҚОСЫМША ЗАЛАЛ
Қазіргі уақытта құқық қорғау органдарына жәбірленушілерден 125 арыз түсті. Мәлімделген залалдың жалпы сомасы 821 млн теңгеден асады. Бұл эпизодтар тергеуді кеңейтуге негіз болды.
ҮШІНШІ ТҰЛҒАЛАРҒА РӘСІМДЕЛГЕН МҮЛІК
Тергеу барысында пирамиданы ұйымдастырушы салымшылардың қаражаты есебінен елордадағы жер телімдерімен бірге «A.D.A.M. group» ЖШС сатып алынғаны анықталды. Бұл мүліктің құны 525 млн теңгеге бағаланады. Тергеу деректері бойынша, актив оның нақты тиесілілігін жасыру үшін танысына рәсімделген.
Сот санкциясымен аталған мүлікке тыйым салынды.
ІС-ӘРЕКЕТТЕРДІҢ САРАЛАУЫ
Ағымдағы жылғы 6 қаңтарда күдіктілердің әрекеттері қайта сараланды. Оларға:
- ұйымдасқан қылмыстық топ құру,
- қаржылық пирамиданы басқару,
- оны жарнамалау,
- қылмыстық жолмен алынған ақша мен мүлікті заңдастыру
айыптары тағылуда. Іс бойынша тергеу жалғасуда.
АЗАМАТТАРҒА ҮНДЕУ
Қаржылық мониторинг агенттігі HAS қаржылық пирамидасының әрекетінен зардап шеккен азаматтарды аумақтық бөлімшелерге арыз беруге шақырады.
Фонд-бюро расследования коррупции