Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі (БҚДА) ипотекалық несиелендіру саласында «Отбасы банк» АҚ қызметін шектеуді ұсынды. Банкке тек мемлекеттік бағдарламалар аясында ғана несие беруге рұқсат беру жоспарланып отыр.
Бұл туралы БҚДА-ның 2023 жылғы тауар нарықтарындағы бәсекелестік жай-күйі туралы есебінен белгілі болды. Бұл ретте осы кезеңдегі ипотекалық нарық «бәсекелестігі дамымаған жоғары шоғырландырылған» деп сипатталған.
Банктер арасында үстемдік жағдайды «Отбасы банк» АҚ, «Банк ЦентрКредит» АҚ, «Bereke Bank» АҚ және «Банк Фридом Финанс Казахстан» АҚ алады.
«Сонымен қатар «Отбасы банк» АҚ мемлекеттік бағдарламалардан тыс ипотекалық тұрғын үй несиелендіру нарығында үстемдік жағдайды алады, яғни осы нарықты бақылау және жалпы жағдайларға елеулі әсер ету мүмкіндігіне ие», - делінген хабарламада.
Талдау қорытындысы бойынша БҚДА Ұлттық банкке, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне, ұлттық экономика министрлігіне, қаржы министрлігіне келесі шараларды қабылдау туралы ұсынымдар жіберуді ұсынды:
- Қарыз алушының әлеуметтік мәртебесіне қарай ипотекалық несиені атаулы субсидиялауды енгізу. Ипотеканы субсидиялау тікелей қарыз алушыларға бағытталуы тиіс, банктерді айналып өтуі керек. Банктер тек нарықтық мөлшерлемелерді ұсынуы тиіс, өзара бәсекелесуі керек.
- Азаматтардың БЖЗҚ-дан біржолғы зейнетақы төлемдерін екінші деңгейлі банктердің шоттарында тұрғын үй жағдайларын жақсартуға арналған мақсатты депозит ретінде пайдалануды заңнамалық деңгейде бекіту, бұл азаматтарға кез келген екінші деңгейлі банкте (ЕДБ) неғұрлым тиімді шарттармен ақша жинақтау мүмкіндігін береді.
- Салық кодексіне екінші деңгейлі банктердегі ипотекалық несие тұтынушылары үшін жалақыдан тұрғын үй несиесі бойынша сыйақыны өтеу сомасы бөлігінде жеке табыс салығын төмендету бойынша түзету енгізу.
- Мемлекеттің бастапқы жарнаға қатысу тетігін енгізу - «қосарланған ипотека». Бірінші несиені мемлекет әлеуметтік санатқа жататын адамға бастапқы жарнаға береді, ал екінші несиені ЕДБ тұрғын үйдің қалған құнына береді. Содан кейін мемлекет берілген несиені «қатырады». Тұтынушы несиеге алынған бастапқы жарнаны ипотека алғысы келетін коммерциялық банкке енгізеді. Осыдан кейін тұтынушы алдымен коммерциялық банкке ипотека бойынша жарналарды төлейді. Тек осы төлемдер аяқталғаннан кейін ғана ол мемлекетке бастапқы жарна сомасын қайтарады. Бұл ретте бастапқы жарнаға арналған несие бойынша мөлшерлеме коммерциялық банктің ипотека бойынша мөлшерлемесінен едәуір төмен болуы тиіс.
- Аралық және алдын ала несиелердің үлесін қысқарту және «Отбасы банк» АҚ-ты осы нарықтың коммерциялық сегментінен (мемлекеттік бағдарламалардан тыс) шығару.
- Мемлекеттік ипотекалық бағдарламалар аясында тұрғын үйге бекітілген бағаларды белгілеу.
Фонд-бюро расследования коррупции