Антикор жоғары лауазымды тұлғалар арасында соңғы алты айда жүргізілген сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес нәтижелерін жариялады.
Ведомство баспасөз қызметінің мәліметінше, олардың қатарында бұрынғы министрлер, вице-министрлер, комитет төрағалары, сондай-ақ облыс басшылары бар.
Белгілі болғандай, Антикор бұрынғы Әділет министріне және басқа да қатысты тұлғаларға қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеруді аяқтады. Оны жеке компания басшыларымен бірге бюджет қаражатын ерекше ірі мөлшерде жымқырды, алаяқтық жасады және кәсіпкерлік қызметке заңсыз қатысты деп күдіктейді.
Сондай-ақ ведомство бұрынғы Мәдениет және спорт вице-министріне және мердігер ұйым басшылығына қатысты қылмыстық іс бойынша тергеуді аяқтады. Оларды лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдаланды және бюджет қаражатын жымқырды деп күдіктейді. Аталған істердің әрқайсысы бойынша келтірілген залал миллиард теңгеден асқаны хабарланады.
Сонымен қатар, Қарағанды облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет бұрынғы Төтенше жағдайлар жөніндегі бірінші вице-министрге қатысты қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланды деген күдікпен сотқа дейінгі тергеп-тексеруді аяқтады.
Тергеу мәліметтері бойынша, ол ҚР ТЖМ әскери бөлімінің қолбасшылығына және өңірдің ТЖ департаментінің лауазымды тұлғаларына жеке үй салу үшін әскери қызметшілер мен арнайы техниканы тарту туралы заңсыз нұсқаулар берген. Бас әскери прокуратура қылмыстық істі Ақмола гарнизонының әскери сотына қарауға жіберді.
Сондай-ақ Антикор Астана қалалық қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты Балық шаруашылығы комитетінің төрағасы Н.Т. Жүнісовты және оның қарамағындағы – балық ресурстарын қорғау және балық аулауды реттеу басқармасының басшысы Е.К. Сүйікбаевты соттағанын еске салды.
Оларды жалпы қамқорлық көрсеткені үшін кәсіпкерлерден пара алды деп айыптады. Нәтижесінде лауазымды тұлғаларға 6 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалып, мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан айырылды.
СҚО-да сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресушілер облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің (ҚАЖД) бастығын әшкереледі. Оны кәсіпкерден 1 млн теңге көлемінде пара алды деп күдіктейді. Пара мемлекеттік сатып алу бойынша келісімшарт жасасуға жәрдемдескені үшін берілген. Сот санкциясымен күдікті үй қамауына алынды.
Сонымен қатар, Өскемен қаласының №2 соты ШҚО бойынша ҚАЖД бастығының орынбасары Қ.А. Зияновқа қатысты үкім шығарғаны белгілі болды. Ол лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдаланды деп танылды. Оның сотталған – «РОП Операторы» ЖШС бұрынғы басшысы М. Құмарғалиевке жазасын өтеу үшін қолайлы және жеңілдікті жағдайлар жасауға ықпал еткені хабарланады.
Сот үкімімен Зияновқа 1 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру, мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыру және «әділет подполковнигі» атағынан айыру жазасы тағайындалды.
Фонд-бюро расследования коррупции