Skip to main content

Антикор білім саласындағы көп миллиондық ұрлықтарды ашты

Submitted by Вера Александрова on

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтегі брифингте білім беру саласындағы қылмыстық істердің тергелуі туралы айтылды. 

Ведомствоның баспасөз қызметінің мәліметінше, Ақтөбе облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет облыстық білім беру сапасын қамтамасыз ету департаменті басшысының міндетін уақытша атқарушының ісін тергеп жатыр. Ол мемлекеттік аттестаттаудан өтуге жәрдемдескені үшін білім беру мекемелерінің басшыларынан пара алды деген күдікке ілінген.

Екінші жағдайда, Қызылорда облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Қызылорда қаласы білім бөлімінің басшысына қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізуде. Ол өзіне бағынысты ұйымға туысын педагог ретінде жұмысқа орналастыру үшін жергілікті тұрғыннан 1 млн теңге көлемінде пара алды деген күдікке ілінген.

Сонымен қатар, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Ақтөбе облысы бойынша Ақтөбе қаласы білім бөлімінің бас маманына қатысты қылмыстық істі тергеп жатыр. Ол өзіне жалақыны негізсіз аудару арқылы 4,9 млн теңге ұрлады деген күдікке ілінген.

Сонымен бірге, білім беру саласындағы сыбайлас жемқорлық фактілері бойынша жарияланған үкімдер белгілі болды.

Мәселен, Алматы облысында Балқаш ауданы білім бөлімінің басшысы Д. Ақмолдаева және осы бөлімнің 8 бухгалтері сотталды. Олар өздеріне жалақыны асыра есептеу арқылы 129,6 млн теңге ұрлаған деп танылды. 

Ақмолдаева 8 жыл 6 ай бас бостандығынан айыруға және мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқаруға өмір бойы тыйым салуға сотталды. Бухгалтерлерге мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқаруға 3 жылдан 10 жылға дейін тыйым салына отырып, 2 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығын шектеу және бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалды.

Талдықорғанда №12 орта мектептің бас бухгалтері Г. Салпиноваға және осы мектептің бухгалтері Н. Юсуповқа үкім шығарылды. Олар белгіленген нормадан тыс өздеріне жалақы аудару арқылы 24,5 млн теңге ұрлаған деп танылды. 

Салпинова мен Юсуповқа тиісінше 8 және 7 жыл бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалды. Сонымен қатар, сотталғандар мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде 10 жыл бойы лауазымдарды атқару құқығынан айырылды.