Skip to main content

231 млн ұрлаған емхана директоры және оның бағыныштылары Атырауда

Submitted by Вера Александрова on

Атырау соты №4 қалалық емханасының директоры Сабиров Е., шаруашылық меңгерушісі Әлжанова А., бас бухгалтер Дүйсенғалиева М. және кәсіпкер Ералиева А.-ға қатысты үкім шығарды.

«Сотталушылар заңнама талаптарын бұза отырып жасалған шарттар аясында қызметтер нақты көрсетілмегеніне қарамастан, кәсіпкерге ақша аудару жолымен 231,8 млн теңге сомасындағы ақшаны ұрлауда кінәлі деп танылды», - деп хабарлады Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің баспасөз қызметі.

Сот оларға 5 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сондай-ақ емхана басшысы Сабиров өмір бойы мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде лауазымдарды атқару құқығынан айырылды. 

Әлжанова, Дүйсенғалиева және Ералиева 7 жылға мемлекеттік ұйымдарда материалдық-жауапты лауазымдарды атқару құқығынан айырылды.

Сонымен қатар, Маңғыстау облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет №2 Жаңаөзен қалалық емханасының директоры мен бас бухгалтеріне қатысты сотқа дейінгі тергеуді аяқтады.

Олар 10,5 млн теңге ұрлады деп күдіктелуде. Мемлекеттік сатып алу шарты аясында медициналық бұйымдар нақты жеткізілмей, ақша жеке компанияның шотына аударылғаны хабарланды.

Биылғы жылы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет әлеуметтік салада 95 сыбайлас жемқорлық қылмысын анықтағаны, оларды жасауға 58 адамның қатысы бар екені дәлелденгені, оның 34-і сотталғаны атап өтілді.

Еске салайық, бұрын Алматыда қалалық емхананың бухгалтерлері Хангиреева К. және Тұғанбаева А.-ға қатысты үкім шығарылған болатын. Олар бюджет қаражатын ұрлады деп айыпталды. Келтірілген залал 341 млн теңгеден асатын болды. Сот бас бухгалтер Хангирееваға 7 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Оның бағыныштысы Тұғанбаева 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді.

Шілде айында елордалық медициналық орталықтың дәрігері Макишев 500 мың теңге көлемінде пара алғаны үшін сотталды. Медициналық орталықтың дәрігері жоспарлы хирургиялық операция жасағаны үшін пациенттен заңсыз сыйақы алған. 

Жыл басында Ақтөбе облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет қызметкерлері көпсалалы облыстық аурухананың бас дәрігері Ержан Ұзғановты сыбайлас жемқорлыққа күдікпен ұстағаны хабарланған болатын. Ұсталған адам өз кінәсін мойындап, тергеумен ынтымақтасуға келісті.