Skip to main content

Неліктен алматыдағы мектеп-интернат өз учаскесін пайдаланбайды?

Submitted by Вера Александрова on

ФБРК редакциясына мынадай ақпарат түсті: BI Group құрылыс компаниясы Алматыдағы «Аманат» тұрғын үй кешенін салу кезінде аз қамтылған отбасылардың балаларына арналған №10 мектеп-интернатына тиесілі жер учаскесінің бір бөлігін басып алған.

Дереккөздің хабарлауынша, осы жағдайдың заңдылығын тексеруді сұрап, құзырлы органдарға жасалған өтініштер нәтиже бермеген. Дегенмен, біз осы өтініштер бойынша мемлекеттік органдардың әрекетсіздігінің ықтимал себептерін анықтадық.

Аумағы 2,8 га болатын аталған жер учаскесі Алматының Бостандық ауданында орналасқан. Учаскенің 2015 жылдың қазан айынан бастап жалғыз меншік иесі – "Аз қамтылған отбасылардың балаларына арналған №10 жалпы білім беретін мектеп-интернаты" КММ.

Учаскенің мақсатты тағайындалуы да тәртіппен. Учаске ресми түрде мектеп-интернатын пайдалану және қызмет көрсету үшін арналған. Сондай-ақ, бізге 2017 жылдан бастап BI Group компаниясының еншілес компаниясы "АСК Престиж" ЖШС сервитут шарты аясында осы учаскені пайдалану құқығына ие екені белгілі болды.
_____________
Анықтама үшін: сервитут – бөтен мүлікті, бұл жағдайда жер учаскесін шектеулі пайдалану құқығы.

"Аманат" тұрғын үй кешенінің құрылысы 2017 жылдың көктемінде басталды. Демек, тұрғын үй кешенінің құрылысының бастапқы кезеңінде-ақ құрылыс салушының мектеп-интернатының жер учаскесінің бір бөлігін пайдалануға құжаттық келісімі болған.

Егер бір оғаш сәт болмаса, біз бұл оқиғаға қызықпаған болар едік – іс жүзінде мектеп-интернат басқа жерде орналасқан. 2ГИС картасына сәйкес, аз қамтылған отбасылардың балаларына арналған №10 жалпы білім беретін мектеп-интернаты Алматының Медеу ауданында орналасқан.

Аумағы 0,4 га болатын, аз қамтылған отбасылардың балаларына арналған №10 мектеп-интернаты іс жүзінде орналасқан жер учаскесінің мақсатты тағайындалуы - емдеу-профилактикалық ғимарат.

2019 жылға дейін учаске "№1 қалалық мамандандырылған балалар үйі" КММ-не тиесілі болған. Қазір учаскенің меншік иесі – Алматы қ. Мемлекеттік активтерді басқару басқармасы, учаскенің құқық иеленушісі – "Алматы" ӘКК АҚ.

Өзінің меншігінде аумағы 2,8 га жері бола тұра, неліктен басқа мекенжайда орналасқанын мектеп-интернатының өзінен әзірге нақтылау мүмкін болмады. Алматы әкімдігі біздің ресми сұрауымызға жауапта осы жағдайды түсіндіреді деп үміттенеміз.

Айта кетейік, Алматыдағы №10 мектеп-интернаты бұрын қабырғасында болған жанжалды оқиғалармен танымал болған. 2018 жылдың қазан айында осы мектептің педагогі балаға қатысты қол көтеруге жол бергені белгілі болды. Оқиғадан кейін көп ұзамай оқытушы бап бойынша жұмыстан шығарылды.

Ал 2023 жылдың наурызында мектеп-интернатының бастауыш сынып мұғалімі директордың м.а. ұзақ уақыт бойы оны жақын қатынасқа мәжбүрлеп, кейін зорлағанын хабарлады. Жыныстық жанжал салдарынан мекеме басшысы жұмыстан кетті.

Еске сала кетейік, бұған дейін ФБРК редакциясы Алматыдағы тағы бір №17 мектеп-интернаты өз учаскесінің аумағын жеке тұрақпен бөлісетінін анықтаған болатын. Біз жағдайды түсінуге тырысып, тиісті мемлекеттік органдарға ресми сұраулар жолдадық. Жауаптарды күтеміз.