Skip to main content

Кулибаев компаниясы депутат Базарбектің мәлімдемесіне түсініктеме берді

Submitted by Вера Александрова on

«Atlas Development» ЖШС өкілдері депутат Бақытжан Базарбек айтқан Алматы әкімдігіне 34 млрд теңге сомасына көрсетілген шот туралы мәліметтерге түсініктеме берді.

«Компания Аль-Фараби даңғылы ауданындағы бизнес-орталықтың құрылыс салушысы болды. Өкінішке орай, Алматы қаласының іскерлік орталығын дамыту үшін маңызды объектінің құрылысының аяқталу кезеңінде Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты ғимарат тұрғызылған жер учаскесіне қатысты Алматы қаласы әкімдігінің қаулысын жарамсыз деп таныды», – деп хабарлайды inbusiness.kz  компанияға сілтеме жасап.

Соттың жерді сатып алу бойынша мәміленің заңдылығына күмән келтірмегені атап өтілді.

«Компания жер учаскесін заңды негізде сатып алды. Сотта қаралып жатқан Алматы қаласы әкімдігінің қаулысы учаскені біздің компания сатып алғанға дейінгі кезеңге қатысты. Басқаша айтқанда, уәкілетті органдардың «Atlas Development» ЖШС-ге ешқандай талабы жоқ. Өзіне алған инвестициялық міндеттемелерді орындай отырып, компания Алматы қаласы әкімдігі әрекеттерінің заңдылығына күмән келтірмеді және объектінің құрылысына 34 млрд теңге қарыз қаражатын салды. Бұл сандар Алматы қаласының жер ресурстарын басқару департаментінің талап арызы бойынша сот талқылаулары барысында айтылды», – делінген хабарламада.

Сондай-ақ, қолданыстағы заңнамаға сәйкес компания кез келген инвестор сияқты мемлекеттік органдардың әрекеттерінен келтірілген залалды өтеуді талап етуге құқылы екені атап өтілді. Дегенмен, қазіргі уақытқа дейін «Atlas Development» ЖШС тиісті талап арыздарды ресми түрде берген жоқ.

Бұл ретте Atlas Development компаниясы мемлекеттік органдармен және мүдделі тараптармен оңтайлы нәтижеге қол жеткізу үшін конструктивті диалогқа бағытталғанын нақтылады.

«Барлығын жағдайды жариялауда және талқылауда объективті көзқарасқа шақырамыз. Біз мемлекеттік органдармен және жұртшылықпен диалогқа ашықпыз, мәселенің әділ және заңды шешілуіне ұмтыламыз», – деп қорытындылады компанияда.

Еске сала кетейік, кеше Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек хабарлағандай, кәсіпкер Тимур Күлібаев бақылауындағы компания Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ аумағындағы жер учаскесінен айырылғаннан кейін Алматы әкімдігінен 34 млн теңге өндіріп алуға тырысуда.