Skip to main content

Мемлекеттік сатып алулар: жақында не өзгереді

Submitted by Вера Александрова on

Қазақстанда мемлекеттік сатып алу ережелері өзгереді. Енді конкурстық комиссияның орнына жеткізушіні автоматты жүйе анықтайды. 

informburo.kz деректері бойынша, «Мемлекеттік сатып алу туралы» заң жобасы және оған ілеспе заң жобалары Мәжіліс депутаттарымен бірінші оқылымда мақұлданды. 

Жаңа ережелер сатып алудың бірыңғай платформасын құруға, сатып алынатын тауарлардың, жұмыстардың және көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға, сондай-ақ мемлекеттік сатып алу рәсімін жеңілдетуге және автоматтандыруға мүмкіндік береді деп хабарланады. 

Құжатқа сәйкес: 

  • Мемлекеттік сатып алу бойынша конкурс өткізу мерзімі екі айдан бір айға дейін қысқартылады. 
  • Бір көзден сатып алу рәсімдерін жеңілдету көзделеді. Мәселен, ауылдық әкімдіктер үшін 3000 АЕК-ке дейінгі тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді конкурс өткізбестен сатып алу ұсынылады. 
  • Рәсімдердің созылуын болдырмау үшін сатып алуға шағымдану тетігі жеңілдетілді. Енді қорытындыларды қайта қарау функциясы сатып алуды ұйымдастырушыға беріледі, оның базасында жоғары тұрған органның, бақылау органдарының және Ұлттық кәсіпкерлер палатысы өкілдерінің қатысуымен шағымдарды қарау жөніндегі комиссия құрылады. 
  • Әлеуетті жеткізушілердің рейтингін енгізу ұсынылады, бұл бағалық емес критерийлерді автоматты түрде таңдауға және дамытуға көшуге мүмкіндік береді. Барлық сатып алуды рейтингтік-балдық жүйені қолдана отырып, конкурсқа одан әрі ауыстыру жоспарлануда. 
  • Қоғамдық мониторинг институты, әсіресе құрылыспен байланысты жұмыстар бойынша енгізіледі. 
  • Сатып алуы шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінде жүзеге асырылатын тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің тізбесі енгізіледі. 
  • Аумақтық белгісі бойынша шартты жеңілдікті (1% мөлшерінде) тағайындау ұсынылады. 

Сонымен бірге Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске (ӘҚБК) мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушылар мен тапсырыс берушілердің жауапкершілігін күшейту жөніндегі нормаларды енгізу ұсынылады. Мемлекеттік сатып алу саласындағы бұзушылықтар үшін ұсынылады: 

  • Сатып алуды ұйымдастырушының әкімшілік жауапкершілігін белгілеу (дұрыс емес ақпарат ұсынылған жағдайда жеткізушілерді мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушылары деп тану туралы талап-арызбен сотқа жүгінбегені немесе уақтылы жүгінбегені үшін) – 30 АЕК айыппұл, қайталанатын жағдайда – 60 АЕК. 
  • Тапсырыс берушінің лауазымды тұлғаларын әкімшілік жауапкершілікке тарту негіздемелерін толықтыру (шарттың орындалуын қамтамасыз етуді енгізбеу арқылы жеткізушінің шарт жасасудан жалтарғаны туралы мәліметтерді уәкілетті органға ұсынбағаны немесе уақтылы ұсынбағаны үшін) – 30 АЕК айыппұл, қайталанатын жағдайда – 60 АЕК. 

Сондай-ақ жаңа заң жобасы сатып алу қорытындыларына шағымдану рәсімдерін жеңілдетуді ұсынады. Атап айтқанда, уәкілетті орган тарапынан сатып алу қорытындыларын жою құқығын алып тастау. Сонымен қатар, сатып алу рәсімдерінің созылуын болдырмау үшін қорытындыларды қайта қарау функциясын сатып алуды ұйымдастырушыға беру ұсынылады.