Skip to main content

Манғыстау облысында компьютерлік клуб ретінде жасырынған казино жабылды

Submitted by Вера Александрова on

Маңғыстау облысы бойынша ҚММ департаменті компьютер залы деген желеумен заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырған қылмыстық топтың әрекетін жойды.

Ведомствоның баспасөз қызметінің мәліметінше, оператор ақшалай ставкаларды банктік аударымдар арқылы қабылдап, ойындарға қол жеткізу үшін логин, пароль және сілтеме беріп, қатысушыларды платформаға тіркеген. Нәтижесінде топтың жалпы қылмыстық кірісі 77 млн теңгеден асқан.

Белгілі болғандай, заңсыз алынған қаражатқа күдіктілер жалпы құны 36 млн теңге болатын Toyota Land Cruiser және Mercedes-Benz 320 автомобильдерін сатып алған.

Сот қылмыстық топ мүшелерін кінәлі деп тауып, оларды 5 жылдан 8 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сондай-ақ олардың сатып алған автомобильдері тәркіленді.

Еске сала кетейік, бұған дейін Ақтөбе облысы бойынша ҚММ департаменті мүшелері заңсыз онлайн-казино ұйымдастырды деп күдікке ілінген қылмыстық топтың әрекетін тоқтатқан болатын. 2022 жылдан 2024 жылға дейін күдіктілер ұйымдасқан қылмыстық топ құрып, заңсыз ойын бизнесін «bingo37 pro» платформасы арқылы басқарған. Топтың қылмыстық кірісі 306 млн теңгеден асқан.