Skip to main content

Қызылордалық мұнай өнімдерін сатудан түскен 574 млн теңгені заңсыз заңдастырды

Submitted by Вера Александрова on

Қызылорда қаласының №2 қалалық соты жергілікті тұрғынды мұнай өнімдерін заңсыз сату және кірістерді жылыстату үшін соттады. 

Zakon.kz мәліметінше, 2018 жылы сотталушы мұнай өнімдерін көтерме сату үшін ЖШС тіркеген. Содан кейін ол дизель отынын сата бастаған, алайда тергеу барысында анықталғандай, ол оны құжатсыз өткізген. 

«Тергеу барысында күдіктінің 2019 жылдан 2023 жылға дейін 16 түрлі компаниядан жалпы сомасы 574 728 811 теңгеге 2 422 тонна дизель отынын сатып алғаны анықталды. Оның ішінде растайтын құжаттарсыз сатып алынған 334 тонна дизель отынын ол 18 мемлекеттік мекемеге және үш заңды тұлғаға жалпы сомасы 262 151 055 теңгеге сатқан, кейін оны заңдастырған», – деді Қызылорда облысы бойынша экономикалық тергеу департаментінің аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі Фархад Куздеубаев.

Сот күдіктіні кінәлі деп танып, оған 5 жыл шартты түрде бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

Еске сала кетейік, қазан айында Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі (БҚДА) қызметкерлері анықтағандай, «Petrosun» ЖШС компаниясы мұнай өнімдерін көтерме сату нарығында үстем жағдайын теріс пайдаланған. Сот департамент қорытындысын негізді деп танып, «Petrosun» ЖШС-не 875 млн теңге айыппұл салды.