Skip to main content

Костанай облысында коммуналдық компанияның бас бухгалтері 9 млн теңге жымқырғаны үшін сотталды

Submitted by Вера Александрова on

Әулиекөл аудандық соты Қостанай облысының жылу энергетикалық компаниясында 9 млн теңгеден астам қаражатты жымқыру ісі бойынша үкім шығарды. Кәсіпорынның бас бухгалтері ҚК 189-бабы 3-бөлігінің 1-тармағы («Сеніп тапсырылған бөтен мүлікті қызмет бабын пайдалана отырып, ірі мөлшерде иемдену немесе ысырап ету») бойынша кінәлі деп танылды.

Сот баспасөз қызметінің мәліметінше, 2022 жылдан 2024 жылға дейін бас бухгалтер кәсіпорынның ақша қаражатын жалақы ретінде көрсетіп, өзінің банктік шотына заңсыз аударған.

Хабарланғандай, ол Onlinebank жүйесінде электрондық төлем тапсырмаларын жасап, оларды электрондық цифрлық қолтаңбаны пайдалана отырып, банкке жіберген. Бұл операциялар «1С: Бухгалтерия» бағдарламасында көрсетілмеген, ал кейбір төлем тапсырмалары кейін жойылған.

Алынған қаражатты сотталушы қолма-қол ақшаға айналдырып, жеке қажеттіліктеріне жұмсаған. Жалпы материалдық залал сомасы 9 млн теңгеден астамды құрады.

Мемлекеттік айыптаушы сотталушыға орташа қауіпсіздік мекемесінде төрт жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Сонымен қатар прокурор «ҚР Конституциясының отыз жылдығына байланысты рақымшылық туралы» Заңының нормаларын қолданып, жаза мерзімін үш жыл екі айға дейін қысқартуды өтінді. 

Сондай-ақ айыптау тарапы сотталушының кәмелетке толмаған баласының болуын ескеріп, жазаны өтеуді кейінге қалдыруды ұсынды. Сотталушы кінәсін ішінара мойындады, алайда азаматтық талаппен келіспеді.

Жәбірленуші тараптың өкілі нақты бас бостандығынан айыру жазасын тағайындап, материалдық залалды толық көлемде өндіруді талап етті.

Нәтижесінде сот кәсіпорынның бас бухгалтеріне 4 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындап, төрт жыл мерзімге материалдық жауапкершілікке байланысты лауазымдарды атқаруға тыйым салды.

«ҚР Конституциясының отыз жылдығына байланысты рақымшылық туралы» Заңының 3-бабы 2-тармағы негізінде жаза мерзімі үштен біріне қысқартылды. Сот түпкілікті өтеуге 2 жыл 8 ай бас бостандығынан айыруды белгіледі.

ҚК 74-бабына сәйкес жазаны өтеу сотталушының баласы 14 жасқа толғанға дейін кейінге қалдырылды.

Сонымен қатар сот сотталушыдан Әулиекөл ауданы әкімдігінің пайдасына келтірілген материалдық залал сомасын өндіруді шешті. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ және белгіленген тәртіппен шағымдануы мүмкін.