Ақтау қалалық сотында «Маңғыстау облысының құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы» ММ басшысына қатысты үкім шығарылды.
Ақтау қалалық сотының баспасөз қызметінің мәліметінше, сотталушы М. «Маңғыстау облысының құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы» ММ басшысы бола отырып, ЖШС өкілі А.-дан 5 млн теңге көлемінде пара алған.
Пара Форт-Шевченко қаласындағы 260 орындық бейнелеу өнері мектебін салу кезінде техникалық қадағалау қызметтерін көрсетуге мердігермен шарт жасасуға, сондай-ақ көрсетілген қызметтер актілеріне қол қоюға және жалпы қамқорлық жасауға жәрдемдескені үшін берілген.
«Сот сотталушы М.-ге жаза тағайындау кезінде қылмыстық жауапкершілік пен жазаны жеңілдететін мән-жай – кәмелетке толмаған балаларының болуын ескерді. Сот сотталушы А.-ға жаза тағайындау кезінде қылмыстық жауапкершілік пен жазаны жеңілдететін мән-жай – шын жүректен өкіну, істеген ісін мойындау және кәмелетке толмаған балаларының болуын ескерді», - делінген хабарламада.
Нәтижесінде сот басқарма басшысын ҚК 366-бабы 2-бөлігі «Пара алу» бойынша кінәлі деп танып, оған 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру және өмір бойы мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айыру жазасын тағайындады.
ЖШС өкілі ҚК 367-бабы 2-бөлігі «Пара беру» бойынша сотталып, оған 2 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру және өмір бойы мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айыру жазасы тағайындалды.
Фонд-бюро расследования коррупции