Ақтөбе №2 сотында «Ақтөбе қаласының жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және цифрлық технологиялар орталығы» ММ басшысына және жергілікті кәсіпкерге қатысты қылмыстық іс қаралды. Олар 272 млн теңге жымқырғаны үшін кінәлі деп танылды.
Өңір соттарының баспасөз қызметінің мәліметінше, 2023 жылы мемлекеттік мекеме басшысы мемлекеттік сатып алу конкурсын ұйымдастырып, онда негізсіз түрде «А» ЖШС-нің қатысуын қамтамасыз еткен.
Сондай-ақ, лауазымды тұлға жол белгілерін салу бойынша мемлекеттік сатып алу шарттары мен қосымша келісімдерді жасасып, орындалған жұмыстардың жалған актілеріне қол қойған.
Оның әрекеттерінің нәтижесінде мемлекетке 272 млн теңге көлемінде материалдық залал келтірілген.
Сонымен қатар, 2023 жылдың сәуірінде ММ басшысы «А» ЖШС 64,8 млн теңге сомасына шарт бойынша жұмыстарды орындамағанын біле тұра, «К» ЖК-мен жалған актіге қол қойған.
Одан кейін ол 35,2 млн теңге төлемге қол қойып, бұл қаражат іс жүзінде орындалмаған жұмыстар үшін «К» ЖК-не аударылған. Кейіннен ақшалай қаражат сотталушылар арасында бөлінген.
Өз кезегінде лауазымды тұлға мемлекеттік сатып алу шарттары заңды түрде жасалған, ал қаражат орындалған жұмыстар үшін аударылған деп, кінәсін мойындамады.
Кәсіпкер де кінәсін мойындаудан бас тартты. Оның айтуынша, ол сотталушымен таныс емес және ешқандай шарт жасаспаған.
Нәтижесінде сот мемлекеттік мекеме басшысына 8 жыл бас бостандығынан айыру және мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыру жазасын тағайындады.
Кәсіпкер 7 жыл бас бостандығынан айыруға және мемлекеттік және коммерциялық ұйымдарда материалдық-жауапты лауазымдарды атқаруға 10 жыл мерзімге тыйым салуға сотталды.
Еске сала кетейік, Ақтөбе прокуратурасы Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және цифрлық технологиялар орталығында бюджет қаражатын жымқыру фактісін анықтағаны туралы қаңтарда хабарланған болатын.
Фонд-бюро расследования коррупции