Қостанай облысында өңір әкімдігінің білім басқармасына қарасты мектептің мұғалімі сотталды. Ол ҚК 190-бабы 3-бөлігінің 4-тармағы («Алаяқтық, яғни ақпараттық жүйе пайдаланушысының сенімін теріс пайдалану немесе алдау жолымен бөтен мүлікті ұрлау, бірнеше рет жасалған») бойынша кінәлі деп танылды.
Соттың баспасөз қызметінің мәліметінше, 2024 жылдың қарашасынан 2025 жылдың наурызына дейін сотталушы мұғалім болып жұмыс істеп, бір мезгілде мектептің кәсіподақ ұйымын басқарған, бұл оған қызметкерлердің жеке деректеріне қол жеткізуге мүмкіндік берген.
Ол лауазымдық жағдайын пайдаланып, әртүрлі микроқаржы ұйымдарынан (МҚҰ) әріптестерінің атына онлайн-несие рәсімдеген. Кәсіподақтан материалдық көмек көрсету және басқа да ойдан шығарылған сылтаулармен әйел қызметкерлерді адастырып, оларды МҚҰ-да онлайн-бейневерификацияға қатысуға ұйымдастырған.
Мектеп қызметкерлері кәсіподақ көмегін рәсімдеп жатырмыз деп ойлап, верификация рәсімінен өткен. Несиелер мақұлданғаннан кейін ақша қаражаты сотталушының банктік шотына аударылған.
Алынған қаражаттың аз ғана бөлігін ол материалдық көмек ретінде қызметкерлерге беріп, қалған соманы өз қалауы бойынша жұмсаған.
Осы әрекеттердің нәтижесінде МҚҰ-ға 3,6 млн теңгеден астам материалдық залал келтірілген. Сотталушы кінәсін мойындап, жасаған ісіне өкінген.
Соңында сот педагогқа жазаның бүкіл мерзіміне пробациялық бақылау белгілей отырып, 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындады. Сондай-ақ сотталушы 5 жыл мерзімге кәсіподақ ұйымдарының төрағасы лауазымын атқару құқығынан айырылды.
Фонд-бюро расследования коррупции