22-26 қыркүйек аралығында Қазақстанда есірткі құралдарының, психотроптық заттардың, прекурсорлардың, сондай-ақ улы және күшті әсер ететін препараттардың заңды айналымын бақылауға бағытталған «Дәрмек» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтті.
Polisia.kz деректері бойынша, құқық қорғау органдары медицина қызметкерлеріне қатысты 11 қылмыстық іс қозғап, 278 әкімшілік құқық бұзушылық анықтады. Заңсыз айналымнан құрамында есірткі бар шамамен 7000 дәрілік зат және қосарланған мақсаттағы тауарларға жататын 80 тонна улы зат тәркіленді.
Медицина саласында полицейлер 190-нан астам бұзушылық тіркеді, 202 медицина қызметкеріне қатысты материалдар жинады, құрамында есірткі бар шамамен 40 мың таблетка, 290 мың психотроптық таблетка және 236 мың ампула тәркіледі. Тексеру 519 медициналық мекемені қамтыды.
Өнеркәсіп саласында 60 бұзушылық анықталды, 2000 тонна прекурсордың айналымы шектелді, жауапкершілікке 20 заңды тұлға тартылды. Тексеруден 159 кәсіпорын және 734 көлік құралы өтті.
Сонымен қатар, Ақтөбе облысына Қытайдан пойыздармен 86 млн теңге сомасына 80 тоннадан астам улы зат заңсыз әкелінгені белгілі болды.
Шығыс Қазақстан облысында «Прегабалин», «Зоник» және «Алиса» күшті әсер ететін препараттарының рецептсіз сатылуы анықталды. Полицейлер 35 мыңнан астам таблетка тәркіледі.
Батыс Қазақстан облысында лицензиясыз психотроптық препараттарды сатудың жолы кесілді.
Қарағанды облысында Астанадан Қарағандыға бет алған автокөлікті тексеру кезінде 240 мың теңгеден астам сомаға «Тропикамид», «Прегабалин» және «Медазепамның» 82 бумасы тәркіленді.
ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті басқармасының бастығы Бақытжан Әмірханов есірткі және психотроптық заттардың заңды айналымы саласындағы бұзушылықтар үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік көзделгенін еске салды.
Фонд-бюро расследования коррупции