Skip to main content

Қарағанды облысында жыл басынан бері бір тоннадан астам есірткі тәркіленді

Submitted by Вера Александрова on

2025 жылдың басынан бері Қарағанды облысының құқық қорғау органдары заңсыз айналымнан бір тоннадан астам есірткі құралын тәркілеп, жеті есірткі зертханасын жойды.

Polisia.kz деректері бойынша, жұмыс «Заң және тәртіп» қағидасын және ауқымды «Қарасора-2025» операциясын іске асыру аясында жүргізілуде. Облыс полициясы есірткінің заңсыз айналымына байланысты қылмыстардың алдын алу және жолын кесу бойынша жүйелі іс-шаралар өткізуде.

Қарағанды облысы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Әбіл Әбілдиннің хабарлауынша, қазіргі уақытта синтетикалық есірткілер ең үлкен қауіп төндіреді. Өңірде оларды тәркілеу көлемі 590 кг құрады.

Тәркіленген заттардың негізгі бөлігін мефедрон және альфа-PVP құрайды. Заңсыз айналымға жіберілмеген есірткілердің жалпы құны 14,75 млрд теңгеден астамға бағалануда, бұл шамамен $30 млн тең.

Жедел іс-шаралар нәтижесінде есірткі бизнесіне қатысы бар 45 адам ұсталды. Ұсталғандардың арасында — 13 ұйымдастырушы және есірткі таратушы бар. Тергеу барысында өңіраралық байланыстары бар, қылмыстық жолмен алынған 560 млн теңгеден астам қаражатты заңдастырған ұйымдасқан қылмыстық топтар (ҰҚТ) ашылды.

Сонымен қатар, облыс аумағында есірткі жарнамалайтын 7 мыңнан астам граффити жазбасы жойылды. Осындай хабарландыруларды таратуға қатысы бар үш адам ұсталды. Қарағанды облысы полиция департаменті синтетикалық заттардың таралу арналарын жабу және жастар үшін қауіпсіз орта құру бойынша жұмысты жалғастыруда.

Еске сала кетейік, 2025 жылдың 1 маусымынан бастап Қазақстанның бүкіл аумағында есірткі заттарын өсіруге, өндіруге және таратуға жол бермеуге бағытталған жедел-профилактикалық «Қарасора-2025» операциясы басталды.

Операцияның бірінші күні Қарағанды облысы Осакаров ауданының Батпақ ауылында есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының қызметкерлері облыстық прокуратураның жәрдемдесуімен жасырын есірткі зертханасын жойды.

Шахтинск қаласының 24 және 25 жастағы екі тұрғыны ұсталды, олар құны 3 млн теңге болатын жеке үй сатып алып, онда есірткі заттарын өндіруді ұйымдастырған. Тінту кезінде химиялық заттары бар 121 канистр, пресс және реакторды қоса алғанда, арнайы жабдықтар, респираторлар және жеке қорғаныс құралдары тәркіленді. Тәркіленген химиялық заттардың жалпы салмағы шамамен 2 тоннаны құрады.

Жақында Қарағанды облысының Солтүстік-Батыс кентінде синтетикалық есірткі өндіретін ірі жасырын зертхананың жойылғаны белгілі болды. Жедел іс-шаралар барысында заңсыз айналымнан есірткі жасауға арналған 6 тоннаға жуық химиялық зат және 35 кг дайын психотроптық зат тәркіленді. Құқық қорғау органдарының деректері бойынша, тәркіленген есірткі затының мөлшері бір миллион дозадан астамға баламалы.