Шымкент қаласы мен Қарағанды облысында мемлекеттік қызметтерді Еңбек министрлігінің Бірыңғай цифрлық платформасы арқылы көрсету бойынша пилоттық жоба іске асырыла бастады. Жүйе отбасылардың әл-ауқат деңгейін автоматты түрде анықтайды және білім беру, әлеуметтік қорғау, тұрғын үй қатынастары мен дене шынықтыру салаларында қолдау шараларын атаулы түрде ұсынады.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше, скорингтік модель жергілікті бюджеттер есебінен қосымша әлеуметтік қолдау шараларын тағайындау кезінде қолданылады: тегін мектеп тамағы, студенттерге жатақханалардан орын беру, санаториялық-курорттық емдеу, тұрғын үй көмегі және басқалары.
Әл-ауқатты бағалау 23 әлеуметтік-демографиялық және экономикалық критерий бойынша жүргізіледі. Барлық отбасылар 6 санатқа бөлінеді — өте мұқтаждықтан (тамаққа қаражат тапшылығы) жоғары деңгейге дейін (материалдық қиындықтардың болмауы). Шешім Отбасының цифрлық картасы деректері негізінде автоматты түрде қабылданады.
Екі және одан да көп тұрғын үйі, екі және одан да көп автокөлігі, тіркелген бизнесі, сондай-ақ жан басына шаққанда 4 ең төменгі күнкөріс деңгейінен жоғары табысы бар отбасылар 6-санатқа жатқызылады және қосымша қолдау шараларын алушылар қатарынан шығарылады.
Сонымен қатар, республикалық бюджеттен кепілдендірілген әлеуметтік төлемдер — барлығы 41 түрі — өзгеріссіз қалады.
«Базалық және ынтымақты зейнетақы, туу бойынша және бала 1,5 жасқа толғанға дейін күтімі бойынша жәрдемақы, көпбалалы және награда алған аналарға жәрдемақы, мүгедектігі бойынша жәрдемақы және мүгедек баланы күту бойынша жәрдемақы, асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы, арнайы мемлекеттік жәрдемақы және басқа да түрлері өзгеріссіз төленетін болады», - делінген хабарламада.
Атаулы әлеуметтік көмек және Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан берілетін 5 түрдегі әлеуметтік төлемдер де толық көлемде сақталады.
Скорингтік модельді енгізу «барлығына бірдей» қағидатынан бас тартуға және нақты қажеттілігі бар азаматтарға қолдау көрсетуге мүмкіндік береді деп күтілуде.
Фонд-бюро расследования коррупции