Skip to main content

Қазақстан ветеринарияны дамытудың кешенді жоспарын бекітті

Submitted by Gorin_S on

Қазақстан Үкіметі көптен күткен 2026–2030 жылдарға арналған ветеринарияны дамытудың кешенді жоспарын бекітті - саладағы жағдай жұртшылық дағдарысына айналғаннан кейін бірнеше ай өткен соң. Премьер-Министр Олжас Бектенов тиісті қаулыға қол қойды. Мақсаты зор әдемі құжат, бірақ ол шындыққа қаншалықты сай келеді?

МЕМЛЕКЕТ НЕНІ УӘДЕ ЕТТІ

Кешенді жоспарға сәйкес, 2030 жылға қарай жергілікті атқарушы органдар жанындағы ветеринариялық ұйымдар қызметкерлерінің жалақысы 1,5–2,5 есеге өсуі тиіс, ал ветмекемелердің материалдық-техникалық жарақтандырылуы 80% жаңартылады. 

Басым бағыттардың қатарында - цифрландыру, жануарлардың туғаннан бастап дүкен сөресіне дейінгі қадағалануы, зертханалық базаны дамыту және ерекше қауіпті аурулармен күрес. Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердәлин Қазақстанның бірқатар аурулар - аусыл, жылқылар мен шошқалардың африкалық обасы бойынша халықаралық мойындауға ие болғанын атап өтті.

Рас, дәл осы сөздер айтылып жатқан сәтте, еліміздің батыс өңірлерін атын әлі күнге дейін түпкілікті анықтай алмай жүрген эпизоотия шарпыды.

ДАЛАДА НЕ БОЛЫП ЖАТЫР 

Жоспар келісілуден өтіп жатқанда, ФБРК жергілікті жердегі жағдайды тіркеді: Батыс Қазақстан (БҚО), Ақтөбе және Солтүстік Қазақстан (СҚО) облыстарында мал шаруашылығымен айналысушылар мессенджерлер мен интернеттен малды емдеу схемаларын өз бетінше таңдаған. Ветеринарлар барлық ауырған малға жетуге физикалық тұрғыдан үлгермеген

Ветеринарлардың шамадан тыс жүктелу себебі белгілі және өлшенетін. Бір маман тиісінше 750 бастың орнына 2 мыңға жуық мал басына қызмет көрсетеді. Кешенді жоспар 2030 жылға қарай жалақыны көтеруді уәде еткенімен, мамандар ескерткендей, ол уақытқа қарай инфляция өсімнің бір бөлігін жеп қояды, ал кадр тапшылығы мәселесінің өзі біржолғы үстемеақыларды емес, жүйелі шешімді талап етеді.

«ҚҚП» ГРИФІМЕНДІ СТАТИСТИКА

Қазақстандық ветеринариядағы ашықтық тарихы да көрсеткішті. Жыл басында ФБРК Ауыл шаруашылығы министрлігінің (АШМ) ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінен он жыл ішіндегі жануарлар ауруларының ошақтары бойынша статистиканы сұраған. Комитет «Қызметтік пайдалану үшін» деген грифті сылтауратып бас тартқан. Бұл ретте, қазақстандық ғалымдар осыған ұқсас деректерді халықаралық ғылыми журналдарда еркін жариялайды. 

Кешенді жоспар «зертханалық бақылауды нығайтуды» және «аккредиттеу саласын кеңейтуді» уәде етеді. Бірақ егер ведомство құпиялылық грифімен эпизоотиялық статистиканы осылайша ыждағаттылықпен жасырса, жаңартылған зертхана нақты кімді бақылайды?

СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚ ЖӘНЕ «ЕЛЕС» МАЛ

Мәселе тек кадрлар мен диагностикамен шектелмейді. Наурызда Түркістан облысының прокуратурасы «Ветеринариялық қызмет» МКК басшылығына қатысты қылмыстық іс қозғады. Тергеу нұсқасы бойынша, бюджеттен 928 млн теңге кем шыққан - ақша іс жүзінде көрсетілмеген қызметтер үшін аударылған.

Бұған Қостанай облысындағы соңғы мысалды қосу керек, онда прокуратура 1910 бас малды жалған вакцинациялауды және мал басы туралы есептілікті 537 басқа көтеріп көрсетуді анықтады. Тексеру қорытындысы бойынша 20 лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылды, бюджетке 744,3 мың теңге қайтарылды. 

Сонымен қатар, ФБРК мыңдаған бас малдың есеп жүйелерінде із қалдырмай қазақстандық шекарадан өтетінін анықтады. Біздің редакция зерттеген 299 көлік позициясының ішінен 293-і (98%) Қазақстанға кіру күні мен ветеринариялық бақылау жазбалары туралы деректерге ие болмаған. Кешенді жоспар «фермадан үстелге дейін қадағалануды» уәде етеді, бірақ мал шекарада «жоғалып» жатқанда, кез келген цифрландыру тек декларация болып қала береді.

БҰЛ НЕНІ БІЛДІРЕДІ 

Үкімет дұрыс мақсаттарды белгіледі: кадрлар, зертханалар, жалақы, цифрландыру, экспорт. Мұның бәрі шынымен қажет. Мәселе - жоспардың орындала ма, әлде кезекті «даңғаза есеп» болып қала ма, осында. Батыс өңірлерде әлі күнге дейін түсіндірілмеген ауру өршіп, ветеринарлар үш адамның жұмысын істеп, статистика гриф астында жасырылып жатқанда, 2030 жылға қарай кез келген әдемі сандар қаулы жолдарымен емес, бүгінде әлі жұмыс істеп тұрған шаруашылықтардың аман қалуымен өлшенеді.