Skip to main content

Қарағанды облысы медициналық жобаларға қайтарылған активтерден 7,5 млрд теңге алды

Submitted by Вера Александрова on

Президент тапсырмаларын орындау аясында Арнайы мемлекеттік қор қаражатынан Қарағанды облысында медициналық жобаларды іске асыруға шамамен 7,5 млрд теңге бөлінді.

Үкімет баспасөз қызметінің мәліметінше, қаражаттың негізгі бөлігі — 6,2 млрд теңге — Қарағандыдағы жаңа Онкологиялық орталықтың операциялық-реанимациялық блогын заманауи медициналық жабдықтармен жарақтандыруға жұмсалды. Облыстық бюджеттен қосымша 1,74 млрд теңге мөлшерінде тең қаржыландыру қарастырылған. Қазіргі уақытта нысанның дайындығы шамамен 70% құрайды, ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілуде.

Балқаш қаласында күрделі жөндеу жүргізіліп жатқан көпбейінді аурухана базасында ауданаралық медициналық хаб құрылуда. Жобаны іске асыруға 1 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді, жұмыстардың жалпы құны 1,27 млрд теңгені құрайды. 

Жоба аясында қосымша корпустың құрылысы аяқталуда, онда ангиографиялық операциялық және қабылдау-диагностикалық бөлімшені орналастыру жоспарланған. Нысанның дайындығы 96% құрайды. Негізгі құрылыс және инженерлік жұмыстар аяқталды, пайдалануға беру ағымдағы жылдың соңына дейін жоспарланған.

Сонымен қатар, Балқашта балалар оңалту орталығы құрылуда. Бұрынғы санаторий ғимаратын қайта жабдықтауға 272,1 млн теңге жұмсалды. Жоба стационар ашуды және амбулаториялық қабылдауды ұйымдастыруды көздейді. 

«Реабилитологтар, неврологтар, логопедтер және ЛФК нұсқаушыларын қамтитын тар мамандардан тұратын мультидисциплинарлық топ қалыптастырылуда. Бұл балаларға облыс орталығына бару қажеттілігінсіз сапалы оңалтуға қол жеткізуді қамтамасыз етеді. Жұмыстарды аяқтау 2026 жылдың ақпан айына жоспарланған», — делінген хабарламада.

Аталған жобалардың іске асырылуы өңірдегі медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттырады деп күтілуде. 

Атап айтқанда, ангиографиялық операциялық бөлменің іске қосылуы Балқашта инфаркт және инсультпен ауыратын науқастарға шұғыл жоғары технологиялық көмек көрсетуді қамтамасыз етуі тиіс. Өз кезегінде балалар оңалту орталығы балалардың облыс орталығына бармай-ақ, тұрғылықты жері бойынша үздіксіз қалпына келтіру емінен өтуін қамтамасыз етеді.

Еске сала кетейік, бұған дейін үкімет Жамбыл облысында сумен жабдықтау жобаларын іске асыруға Арнайы мемлекеттік қордан 15,4 млрд теңге бөлген болатын. Барлығы 12 жоба қарастырылған, оның төртеуі аяқталды, ал қалған сегізін ағымдағы жылдың соңына дейін тапсыру жоспарланған.