Skip to main content

Forbes миллиардерлеріне субсидиялар не үшін қажет?

Submitted by Вера Александрова on

2022-2023 жылдары Қазақстанның 57 449 ауыл шаруашылығы өндірушілеріне 943 млрд теңге көлемінде субсидия берілді. Алайда бұл қаражаттың едәуір бөлігі иелері Forbes.kz тізіміне енген ірі агрохолдингтерге берілді.

Ratel.kz деректері бойынша, алушылар арасында көшбасшы «Aitas» холдингі болды, бұл елдің агроөнеркәсіп секторының ең ірі бірлестігі, оның құрамына құс етін өндіру, қайта өңдеу және сату саласындағы 15-тен астам кәсіпорын кіреді.  

Оның үшеуі – «Макинская птицефабрика» ЖШС, «Өскемен құс фабрикасы» АҚ және «Nauryz Agro LTD» ЖШС субсидия ретінде 29,3 млрд теңге алды, бұл мемлекеттік қолдаудың жалпы көлемінің 3,1% құрайды. 

Forbes.kz деректері бойынша, холдинг Қазақстандағы 50 ірі жеке компанияның қатарына кіреді. 2022 жылы тізімде ол 28-ші орынды, ал 2023 жылы 27-ші орынды иеленді. Холдингтің негізін қалаушы Серік Төлепбаев Қазақстанның 50 ең бай бизнесмені арасында 42-ші орында тұр.

Субсидия алушылар арасында екінші орынды «Атамекен Агро» АҚ агрохолдингі алды, оған 12,1 млрд теңге (жалпы субсидия көлемінің 1,3%) бөлінді. Forbes.kz деректері бойынша, 2022 жылы холдинг Қазақстандағы 50 ірі жеке компания рейтингінде 38-ші орынды, ал 2023 жылы 40-шы орынды иеленді. Оның акционерлері қатарында Әмір Исламов («K-Invest Securities» ЖШС арқылы), Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) және басқа да миноритарлық акционерлер бар. 

Үшінші орынды «Алель Агро» АҚ иеленді, ол 2022-2023 жылдары мемлекеттен 10,6 млрд теңге (жалпы субсидия көлемінің 1,1%) алды. 

«Құрылтайшылары сингапурлық Asadel Partners PEF PTE LTD – 45,8%, Сейсембаевтар отбасына тиесілі (Forbes Kazakhstan 2021 ж. ең бай бизнесмендер рейтингінде 41-ші орын), «Zell Invest» ЖШС – 42,31% және Разия Жатакпаева – 9,47%», - делінген хабарламада.

Субсидия алушылардың ірілері қатарына тағы да кірді: «Родина» Агрофирмасы ЖШС - 4,9 млрд теңге (құрылтайшысы – Иван Сауэр, Forbes Kazakhstan 2024 жылғы ең бай бизнесмендер рейтингінде 63-ші орын); «BioOperations» ЖШС - 4,1 млрд теңге (иелерінің бірі Ерлан Баймұратов сонымен қатар «Баян Сұлу» АҚ құрылтайшыларының бірі, рейтингте 65-ші орын); «Прима ҚҰС» ЖШС - 3,3 млрд теңге (құрылтайшылары - Алексей Залевский, Александр Гарбер - 2024 жылғы рейтингте №33).

Субсидиялардың зор сомаларына қарамастан, олардың әлеуметтік тиімділігі күрделі сұрақтар туғызады. Алынған соманың жартысынан көбі ішкі нарықты әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарымен (ӘМАТ) қамтамасыз ету үшін құс етінің өндіріс құнын арзандатуға бөлінгені хабарланады. 

Белгілі болғандай, «Aitas» холдингіне кіретін «Өскемен құс фабрикасы» АҚ және «Макинская птицефабрика» ЖШС ел сөрелерін ӘМАТ ретінде арзан тауықтың ортан және асықты жіліктерімен (етімен) қамтамасыз етуге міндеттелді. 

Алайда Өскемен қаласының соты өнімді «Aitas meat distribution» еншілес кәсіпорны арқылы 62,1% сауда үстемесімен сатқанын анықтады, ал әлеуметтік маңызы бар тауарлар үшін рұқсат етілген деңгей 15%-дан аспауы керек. Осыған ұқсас схемалар құс етінің сөреге жеткенге дейінгі құнының өсуіне әкелді: 2022 жылы ол 34%-ға, ал 2023 жылы 47%-ға қымбаттады.  

Нәтижесінде Қазақстанда өндірілген тауық еті импорттықтан қымбат болып шыққаны атап өтіледі. 2022 жылғы желтоқсанда отандық тауық шетелдіктен 1,6 есе қымбат болса, қазіргі уақытта бұл сома 100 пайызға дейін өсті.

Жоғары аудиторлық палатаның есебінде тауық етін арзандату үшін бөлінген 34 млрд теңге көлеміндегі субсидияларға қарамастан, өндіріс ішкі нарықтың 80% қажеттілігін де өтей алмағаны айтылған. Сонымен қатар, өнімнің едәуір бөлігі шетелге, әрі ішкі нарыққа қарағанда төмен бағамен экспортталады. 

Мәселен, 2023 жылы белгісіз бір қазақстандық компания Ресейге етті отандық нарықтағыдан 33,5% арзан бағамен экспорттады. Сонымен бірге, биыл «Aitas» холдингі Қытайға тауық етін жеткізуге $100 млн көлемінде келісімшарт жасасқаны белгілі болды.