Денсаулық сақтау министрлігі «Химфарм» АҚ, «Johnson & Johnson Kazakhstan» ЖШС және «АстраЗенека Казахстан» ЖШС сияқты фармацевтикалық компаниялармен ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойды. Ведомствоның баспасөз қызметінің хабарлауынша, келісімдер бірқатар қымбат және әлеуметтік маңызы бар препараттарға бағаны төмендетуге бағытталған.
«Жетекші отандық және шетелдік фармацевтикалық компаниялармен меморандумдар жасасу біздің конструктивті өзара іс-қимылға және әлеуметтік жауапкершілікке ортақ дайындығымызды көрсетеді», – деп атап өтті Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова.
Келісім аясында «АстраЗенека Казахстан» ЖШС бөлшек және көтерме сату үшін өмірлік маңызы бар бірқатар препараттарға бағаны төмендетуді жоспарлап отыр. Бұл азаматтардың қажетті дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етілуін арттыруға және халықтың инновациялық терапияға қолжетімділігін кеңейтуге мүмкіндік береді деп күтілуде.
«Меморандумның ережелері біздің компанияның Қазақстан аумағында локализацияланған және өндірілетін препараттарына да қолданылады. Біздің бағалауымызша, бағаны төмендету бірнеше миллион пациентті қолдауға мүмкіндік береді», – деп түсіндірді компания өкілі Арсен Насырханов.
«Johnson & Johnson» компаниясымен денсаулық сақтау министрлігі Спинраза (Нусинерсен) препаратына баға саясатын қайта қарау туралы келісімге қол жеткізді. Бұл дәрі жұлын бұлшықет атрофиясын – сирек кездесетін, бірақ үдемелі және өмірге қауіп төндіретін ауруды емдеу үшін қолданылады.
Өз кезегінде «Химфарм» АҚ екінші типті қант диабетін емдеу үшін қолданылатын Дапаглифлозин препаратының сатып алу бағасын төмендетуге дайын екенін растады.
«Бұл әлемдегі ең көп таралған жұқпалы емес аурулардың бірі. Қазақстанда 520 мыңнан астам адам қант диабетімен ауырады, оның 492 335-і екінші типті қант диабетіне тиесілі», – делінген хабарламада.
Сонымен қатар, меморандумдар келесі ережелерді қамтиды:
- сауда үстемелерінің рұқсат етілген шектерін сақтау;
- баға динамикасын бақылау;
- үздік тәжірибелермен алмасу;
- инновациялық препараттарды қаржыландыру тетіктерін дамыту;
- дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету саласындағы заңнаманы жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірлеу.
Фонд-бюро расследования коррупции