Skip to main content

KEGOC АБР-ден 58 млрд қарыз алуға келісті

Submitted by Вера Александрова on

Қазақстандық электр желілерін басқару компаниясы «KEGOC» АҚ және Азиялық даму банкі (АДБ) 58,2 млрд теңге көлемінде қаржыландыру туралы келісімге қол қойды. 

Kegoc.kz деректері бойынша, банк «Қазақстанның БЭЖ Оңтүстік аймағының электр желісін нығайту жобасын іске асыру үшін» қаражат бөледі. 

Жоба электр энергиясының ірі көлемді генерациясын желіге интеграциялауға, оны елдің оңтүстігінде беруді күшейтуге және тұрақтандыруға, сондай-ақ Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік береді деп күтілуде. 

Мердігерлер жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу және одан кейін құрылыс-монтаж жұмыстарын орындау бойынша жұмыстар жүргізіп жатқаны хабарланады. Жоба жалпы ұзындығы 475 км болатын екі 500 кВ әуе электр беру желісін салуды, сондай-ақ Шу, Жамбыл және Шымкент қосалқы станцияларын қайта жаңарту мен кеңейтуді көздейді.

«АДБ комплаенс рәсімдерін жүргізу шеңберінде "KEGOC" акционерлік қоғамы ESG, ашықтық және қаржылық тиімділіктің жоғары стандарттарына адалдығын растады. "KEGOC" АҚ-ның жоғары кредиттік рейтингтері АДБ қаржыландыруын қолайлы шарттармен тартуға мүмкіндік берді. Осы кредиттік келісімнің жасалуы "Самұрық-Қазына" АҚ тобының сатып алу рәсімдеріне, сондай-ақ халықаралық листингтік компанияларға сәйкес келетін KEGOC қызметіне халықаралық қаржы институттарының сенімін растайды», - делінген хабарламада.

Еске салайық, бұған дейін АДБ Қазақстан үкіметіне салық-бюджеттік басқаруды және қаржы секторындағы реформаларды қолдау үшін $350 млн несие берген болатын.