Skip to main content

«Qazaq Air»-ды вьетнамдық компания сатып алды

Submitted by Вера Александрова on

Вьетнамдық «SOVICO Group» компаниясы «Qazaq Air» әуекомпаниясын сатып алды. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан-Сингапур бизнес-форумында Сингапурда мәлімдеді.

Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, мемлекет басшысы Қазақстан мен Сингапур арасындағы берік байланыстарды атап өткен.

Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандық «КТЖ» компаниясы мен сингапурлық «PSA International» компаниясының Транскаспий халықаралық көлік бағытының әлеуетін кеңейтуге бағытталған әріптестігін мысалға келтірді.

«Бұл бағыт Еуразиялық ынтымақтастық деңгейін түбегейлі өзгерте алады. Бұл Орталық және Шығыс Азиядан Еуропаға баратын ең қысқа және тұрақты бағыт. Сингапурлық компаниялар мен қаржы институттары осы саладағы бизнес және инвестиция мүмкіндіктерін зерттей отырып, елеулі пайда таба алады деп есептейміз. Сондай-ақ, біздің «Qazaq Air» әуекомпаниясының вьетнамдық «SOVICO Group» компаниясымен жекешелендірілуін құптаймын, бұл Қазақстан мен АСЕАН елдері арасындағы әуе қатынасын жандандыруға мүмкіндік береді», – деп атап өтті Президент.

Форум соңында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Премьер-Министрдің орынбасары – экономикалық саясат жөніндегі үйлестіруші министр Сингапур Республикасының Хенг Суи Кеат қатысуымен коммерциялық құжаттарға қол қою рәсімі өтті. Келесі құжаттарға қол қойылды:

  • «Қазпошта» АҚ мен SingPost арасындағы стратегиялық ынтымақтастық туралы келісім;
  • «KTZ Express» АҚ мен Global DTC арасындағы цифрлық дәлізді іске қосу туралы декларация;
  • «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ, PSA KZ Pte Ltd, KPMC Ltd және G-trans Service арасындағы одан әрі ынтымақтастық туралы меморандум.

Сонымен қатар, бизнес-форум аясында келесі құжаттарға қол қойылды:

  • Forebright Capital Asia Private Limited, Qazaqstan Investment Corporation АҚ және BGI Hong Kong Tech Co., Limited арасындағы Forebright Life Science Technology Қоры бойынша инвестициялық келісім;
  • «Бирюк Алтын» ЖШС мен AlDigi Holdings Pte. Ltd. арасындағы келісім;
  • «Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы» ЖШС мен Сингапур өндірістік федерациясы арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум;
  • Caspian Group АҚ мен China Regional Development and Planing Institute Co., Limited арасындағы өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандум;
  • Caspian Group АҚ мен KPMG Samjong Accounting Corp. арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум;
  • Mandarin building ЖШС, Singapore International School Kazakhstan ЖШС және Kinder World International Group арасындағы ынтымақтастық туралы келісім;
  • Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен Nomadic Innovation Hub компаниясы арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум;
  • Nomadic Innovation Hub пен Clockster арасындағы инвестициялық келісім;
  • Nomadic Innovation Hub пен Snap hunt рекрутингтік платформасы арасындағы инвестициялық келісім.