Skip to main content

Темекі контрабандасы: Қазақстан былтыр 33 млрд жоғалтты

Submitted by Вера Александрова on

Қазақстанның мемлекеттік бюджеті өткен жылы темекі контрабандасынан шамамен 33 млрд теңге жоғалтты. Сонымен қатар елімізде темекі тұтынушылар саны жыл сайын артып келеді. 

ORDA хабарлағандай, Ұлттық статистика бюросының сауалнамасына сәйкес, еліміздің кәмелетке толған халқының шамамен 20 %-ы темекі өнімдерін тұтынады. Сондай-ақ темекіге жұмсалатын шығындар тұтыну тауарларына кететін барлық шығынның орта есеппен 3 %-ын құрайтыны белгілі болды.

«Темекі компаниялары — Қазақстанның ең ірі салық төлеушілерінің бірі, бұл сала мұнай секторынан кейін екінші орында. Соңғы жылдары Қазақстанда темекі нарығының өсімі байқалады. Осындай тұрақты өсімге қарамастан, темекі контрабандасы салдарынан Қазақстан бюджеті ондаған миллиард теңгені алмай қалуда», — делінген хабарламада.

Ұлттық инвесторлар қауымдастығының деректері бойынша, өткен жылы акциз салығының жиналуы 281 млрд теңгені құрады, бұл 2022 жылмен салыстырғанда 2,6 %-ға көп. Сонымен қатар акциз мөлшерлемесі 14,6 %-ға көтерілді. Сарапшылар өткен жылы контрафактілік темекіден келген шығын шамамен 33 млрд теңгені құрады деген қорытындыға келді.

«ЕАЭО-да орналасқан Қырғызстанның сыртқы саудасы қызықты статистика көрсетеді. БҰҰ Сауда комитетінің деректері бойынше, БАӘ 2022 жылы Қырғызстанға темекі экспортын 177,8 млн доллар сомасына декларациялаған. Ал Қырғызстан сол жылы БАӘ-ден өзіне 1,4 млн долларға темекі импорттағанын ресми түрде көрсеткен», — деп хабарлады ORDA.

Сонымен қатар, Қазақстанға әкелінген контрабандалық темекінің ең танымал брендтері БАӘ-де өндірілгені белгілі болды. Журналистер «темекі көршілес елдер арқылы заңсыз түрде елімізге кіруді жалғастырып, салықтар қазынаға емес, көлеңкелі айналымға кетіп жатқанын» жоққа шығармайды. 

Естеріңізге салайық, бұған дейін Оралда 1,6 млн қораптан астам мөлшердегі ірі темекі партиясы тәркіленген еді. Ол 967,5 млн теңгеден астам бағаланған. 

Сондай-ақ Жамбыл облысы бойынша ҚМА департаменті Қырғыз Республикасынан есепке алу-бақылау маркалары мен жүкқұжаттарсыз құны 1,3 млрд теңгеден асатын екі вагон темекі өнімін әкелу әрекетіне қатысты қылмыстық істі тергегені хабарланған болатын.