Skip to main content

Білім саласындағы шенеунік пен балабақша директорлары Жамбыл облысында сыбайлас жемқорлық үшін айыппұлға тартылды

Submitted by Вера Александрова on

Қордай аудандық соты Жамбыл облысының білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету жөніндегі облыстық департамент басшысы Балапанов Р. және мектепке дейінгі мекемелердің директорлары Нүсіпбаев Н. мен Түлендиева Н.-ның ісін қарады.

Антикор баспасөз қызметінің мәліметінше, Балапанов Түлендиевадан 300 мың теңге көлемінде пара алғаны үшін кінәлі деп танылды. Нүсіпбаев жеке балабақшаның мемлекеттік аттестациясынан өтуі үшін берілген параны жеткізуге делдал болған.

Сот оларға 3-тен 7 млн теңгеге дейін айыппұл салу түріндегі жаза тағайындады. Сонымен қатар, сотталғандарға мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде лауазымдарды атқаруға өмір бойына тыйым салынды. Белгіленген мерзімде айыппұл төленбеген жағдайда, жаза шарасы бас бостандығынан айырумен ауыстырылады.

Естеріңізге сала кетейік, ақпан айында Жетісу облысында Антикор Талдықорған білім бөлімінің лауазымды тұлғаларына қатысты тергеуді аяқтады. Олар бюджет қаражатын ұрлау мақсатында ұйымдасқан қылмыстық топ құруда айыпталды. Қылмыстық әрекеттердің нәтижесінде мемлекетке 4,3 млрд теңге көлемінде залал келтірілген. Соның салдарынан қылмыстық топтың ұйымдастырушысы 15 жыл бас бостандығынан айыруға сотталды, оның қатысушылары 9-дан 13 жылға дейін бас бостандығынан айырылды.

Шілде айында Түркістан облысында Антикор білім саласындағы заңсыз әрекеттермен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топтың әрекетін тоқтатты. 12 қатысушыдан тұратын қылмыстық топ 3,7 млрд теңге бюджет қаражатын ұрлады деп күдіктелуде.

Кейін Жетісу облысында Талдықорған білім бөлімінің басшысы Жолдыханов Ж.-ға қатысты үкім шығарылды. Ол бөлімнің бас бухгалтерінен 280 млн теңге көлемінде пара алғаны үшін кінәлі деп танылды. Соның салдарынан Жолдыханов 11 жыл бас бостандығынан айыруға және мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айырылды.

Қазан айында Түркістан облысының прокурорлары өңірдің білім саласындағы 123 қызметкеріне қатысты 7 сотқа дейінгі тергеуді аяқтады. Тергеу барысында күдіктілерден мемлекет кірісіне 1,5 млрд теңге өндіріліп, қылмыстық жолмен алынған мүлік 2,9 млрд теңгеге тәркіленді.