Түркістан облысында Шардара ауданының білім беру жүйесінде бюджет қаражатын жымқыру ісі бойынша үкім шығарылды. Айыпталушылар арасында аудандық білім бөлімінің басшысы мен бухгалтерлер қатарында 15 адам бар.
Informburo.kz мәліметінше, айыпталушылар ұйымдасқан топ құрамында әрекет етіп, жоқ қызметкерлерге жалған жалақы ресімдеп, ақшаны өз шоттарына аударған. Қаражатты жеке қажеттіліктеріне, оның ішінде жылжымайтын мүлік сатып алуға жұмсаған. Жалпы залал сомасы шамамен 4 млрд теңгені құрады.
Қылмыстық жолмен алынған барлық мүлік мемлекет кірісіне алынды. Тәркіленген мүліктердің қатарында тұрғын үйлер, пәтерлер, 20-ға жуық жылжымалы және жылжымайтын мүлік объектілері бар. Сондай-ақ сотталғандардың бірінен ірі сауда орталығындағы алтын сататын сауда нүктесі алынды.
Істің басты айыпталушысы 10 жыл бас бостандығынан айырылды, қалғандары – 7 жылдан бас бостандығынан айырылды. 62 жастан асқан үш айыпталушыға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Кәмелетке толмаған балалары бар екі айыпталушыға сот жазаны орындауды бес жылға кейінге қалдырды.
Еске сала кетейік, сәуір айында Түркістан облысы Сарыағаш аудандық сотында аудандық білім бөлімінің үш басшысы мен 8 бухгалтеріне қатысты үкім шығарылды. Олар білім беру саласында нақты жұмыс істемеген адамдарға жалақы аудару арқылы 550 млн теңге жымқырғаны үшін кінәлі деп танылды.
Фонд-бюро расследования коррупции