Skip to main content

Атырау облысындағы су тасқынынан кейін жолдарды қалпына келтіруге 6 млрд-қа жуық қаржы бөлінді

Submitted by Вера Александрова on

Атырау облысының 8 жол учаскесін салу және жөндеуге үкімет резервінен қаражат бөлінді. Тиісті қаулыға премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды.

«Құжатта ҚР Көлік министрлігіне үкіметтің төтенше резервінен су тасқыны салдарынан зардап шеккен жолдарды қалпына келтіру үшін Атырау облысының бюджетіне аударуға шамамен 5,9 млрд теңге бөлу көзделген», - деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.

Бұл қаражаттың 4,6 млрд теңгесі облыстық маңызы бар автомобиль жолдарының 7 учаскесін қалпына келтіруге жұмсалды, оның ішінде «Индер – Қарабау – Сағыз», Қарабау кентіне кіреберіс жолдар, «Сарытоғай – Махамбет», «Атырау – Индер», сондай-ақ Құлсары қаласындағы тротуарлар.

Шамамен 1,3 млрд теңге су тасқынынан зардап шеккен «Индер – Қарабау – Миялы – Сағыз» автомобиль жолында көпір және су өткізу құбырларын салуға бағытталады.

Тасқындар 11 жол учаскесінің қатты бүлінуіне және 5 учаскедегі су өткізу құбырларының зақымдалуына әкелгені атап өтіледі.

Естеріңізге сала кетейік, шілде айында Петропавлда су тасқыны кезінде қираған бөгетті қалпына келтіруге 42 млн теңге бөлінгені хабарланған болатын.

Сол кезде көктемгі су тасқынынан зардап шеккен өңірлердегі білім беру мекемелерін қалпына келтіруге 7,5 млрд теңге бөлінгені белгілі болды.

Сонымен қатар Қазақстан үкіметі су тасқынының салдарын жою және қираған инфрақұрылымдық нысандарды қалпына келтіру үшін төтенше резервтен қосымша 22,7 млрд теңге бөлді.

Қаражат Ақмола, Ақтөбе, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында жолдар мен көпірлерді, сондай-ақ су өткізу құрылыстарын қалпына келтіру және салу үшін әкімдіктерге жіберілетіні атап өтілді.

Сондай-ақ үкіметте су тасқынынан кейін резервтен бизнестің мүліктік шығынын өтеуге 12 млрд теңге бөлінгені хабарланды.