Skip to main content

«Ақжайық» табиғи резерватында кімнің кемесі жүзіп жүр

Submitted by Вера Александрова on

Көктемнің басында желіде Caspian Falcon үлкен кемесінің «Ақжайық» табиғи резерватындағы Жайық өзенімен жүзіп өткен бейнежазбасы пайда болды. Ал заң бойынша мұндай жерлерде бұған жол берілмейді. 

БАҚ мәліметінше, қайық North Caspian Operating Company (NCOC) компаниясының мердігері - Caspian Offshore Contractors-қа тиесілі. 

Өз кезегінде Атырау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы журналистерге кеменің «Circle Maritime Invest» АҚ-на тиесілі екенін, оны Caspian Offshore Contractors басқаратынын және онымен NCOC вахташылары теңіз кен орнына жеткізілетінін хабарлады. Сонымен қатар, инспекция қайықтың өзенде жүруіне байланысты балықтардың қырылу жағдайлары болғанын атап өтті.

«Кеменің жүруі бойынша қызметтің қоршаған ортаға әсерін бағалау жүргізілмеді, жоспарланған қызметтің әсеріне скрининг жүргізілмеді. ҚР Экологиялық кодексінің 65, 69-баптарының талаптары бұзылған. Сонымен қатар, бұл кеме бұрын АҚШ-тың Аляска штатындағы су айдынында болған, бұл басқа су айдынында жұмыс істеген кемелерді жануарлар мен өсімдіктер дүниесінің кездейсоқ интродукциясын болдырмау үшін тексерусіз пайдалануға тыйым салатын Экологиялық кодексінің 278-бабының 1-тармағын бұзады», – деп хабарлады аумақтық инспекция.

Сонымен қатар, мамандар кеме иелерінің қорық аумағында рұқсат етілген шу деңгейінен асып кеткенін анықтады. Нәтижесінде инспекция Атырау облысы экология департаментіне тиісті шаралар қабылдау туралы хат жолдады. 

Экология департаменті тексерулер жүргізіп, бұзушылықтарды жою туралы нұсқама берді, сондай-ақ әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама жасады. Алайда Circle Maritime Invest компаниясы талаптармен келіспей, сотқа шағым түсіріп, нұсқаманың күшін жоюды талап етті, белгілі болғандай, оның негіздері бар екен.

«Тексеру барысында департаментке Circle Maritime Invest компаниясы кемені пайдаланушы тұлға емес екендігі көрсетілді, себебі кеме Caspian Offshore Contractors-қа фрахтке берілген, ал ол өз кезегінде кемені NCOC-қа жалға берген. Талапкер кемені пайдаланбайды және барлық міндеттемелер фрахт алушыға ауысқан, сондықтан экология департаменті кеме операторын дұрыс анықтамаған. Талапкер экологиялық тексеру жүргізу қажеттілігі туралы талаптарды да заңсыз деп санайды», – делінген Атырау облысы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының шешімінде.

Сондай-ақ сот облыстық экология департаменті мамандарының тексерулері кеме иесінің құқықтарын бұзған деп есептеді.

«ҚР Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес, субъектіге бару арқылы профилактикалық бақылау, егер ол бақылауды ұйымдастыру және жүргізу талаптарын өрескел бұза отырып жүргізілсе, жарамсыз деп танылады. Профилактикалық бақылау негіздерінің болмауы Кәсіпкерлік кодексінің талаптарын өрескел бұзуға жатады», – деп хабарлады сот.

Нәтижесінде сот Circle Maritime Invest-тің талап-арызын қолдады. Сонымен бірге Атырау облысы бойынша экология департаментінің басшысына жеке ұйғарым шығарылып, ведомство инспекторы тарапынан тексеру барысында жіберілген бұзушылықтарға назар аудару қажеттігі көрсетіліп, «бұдан әрі мұндай фактілерге жол бермеу» шараларын қабылдау сұралды. 

Еске сала кетейік, бұған дейін «Глобус» эколого-құқықтық бастамалар орталығының атқарушы директоры Галина Чернова Каспий теңізіндегі Қашаған кен орны ауданында мұнай төгілгені туралы хабарлаған еді. Оның сөзінше, төгілу алаңы шамамен 7 шаршы шақырымды құрап, дақ Каспий теңізінің солтүстігіне қарай дрейфтеген. Бұл кен орны North Caspian Operating Company N.V. компаниясына тиесілі екені белгілі болды. Алайда кейінірек компания мұнай төгілгені туралы ақпаратты жоққа шығарып, ешқандай төгілу мен ағып кетулер анықталмағанын атап өтті.