Skip to main content

АФМ 34 блогерді онлайн-казино жарнамасы үшін жауапкершілікке тартты

Submitted by Вера Александрова on

Жыл басынан бері Қаржылық мониторинг агенттігі (ҚМА) заңсыз азарттық онлайн ойындардың жарнамасына қатысы бар 34 блогерді анықтады. Олардың арасында – Қайсар Қамза, Шыңғысхан Көпбаев, Тәуіржан Айтмаханов, Наиль Турганов, Диляра Аманқосқызы және басқалар бар.

Ведомствоның баспасөз қызметінің мәліметінше, оның 11-і ҚР ӘҚБтК-нің 455-бабы («Жарнама туралы заңнаманы бұзу») бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Тағы 23 инфлюенсерге қатысты материалдар шара қабылдау үшін мәдениет және ақпарат министрлігіне жіберілді.

Хабарланғандай, блогерлердің едәуір бөлігі өздерінің әлеуметтік желілерін онлайн-казиноны ілгерілету үшін пайдаланып, жүйелі түрде заңды бұзады. Атап айтқанда, Шыңғысхан Көпбаев («Баллер» хип-хоп орындаушысы) биылғы жылы ғана осындай бұзушылықтар үшін бес рет жауапкершілікке тартылды. Аудиториясы 600 мыңнан астам жазылушыны құрайтын блогер және музыкант Ринат Шамшыраққа қатысты да онлайн-казиноның жарнамасы фактісі бойынша әкімшілік іс қозғалды.

Сонымен қатар, блогер Қайсар Қамза заңсыз құмар ойындарды жүйелі түрде насихаттау үшін өзінің Telegram-арнасын пайдаланған. Ол онлайн-казинода тіркелу бойынша нұсқаулықтар таратып, жазылушыларды адастыра отырып, «жеңімпаздар» бейнеленген қойылымдық бейнероликтерді жариялаған. ҚМА деректері бойынша, ол алған табыстарын Оңтүстік-Шығыс Азия, Түркия және БАӘ елдерін аралап, сән-салтанатты өмір салтына демонстрациялы түрде жұмсаған.

Дәл осылай, Наиль Турганов казиноны жарнамалап, 8 млн теңгеден астам табыс тапқан. Сонымен қатар Нұрғазы Тоқтаров («Nakonay Qarapaiym») әлеуметтік желілер арқылы пайдаланушыларды құмар ойындарға белсенді түрде тартып қана қоймай, сол онлайн-казиноларда жарнамадан тапқан 15,8 млн теңгенің жартысына жуығын ұтып жіберген.

Бұзушылар қатарынан Мәриям Құлжабаева («@oomariko») да орын алды, ол казино сайтында тіркелуге шақырумен сторис жариялағаны үшін 350 мың теңге алған. Сондай-ақ, осындай әрекеттерге Зухра Хакиева, Диана Халметова, Әсем Әубәкірова, Арина Байкова, Күмісай Айымбетова және басқалар да қатысты.

ҚМА өкілдерінің айтуынша, онлайн-казино жарнамасы ойынға тәуелділіктің тікелей кіру нүктесіне айналып, отбасыларды бұзады және азаматтардың қаржылық шығынға ұшырауына әкеледі. Осыған қарамастан, блогерлер айыппұлдар төлеп, бұрынғы қызметіне қайта оралып, жарнама берушілермен ынтымақтастықты жалғастыруда.

Осы жағдайларды ескере отырып, Агенттік бұзушылардың әрекеттерін ҚР ҚК-нің 28-бабының 5-бөлігі («Заңсыз құмар ойын бизнесіне көмектесу») аясында қарауды көздеп отыр. Сонымен қатар, қаржылық пирамидаларды ілгерілетуге ұқсас, онлайн-казино жарнамасы үшін қылмыстық жауапкершілік енгізу мәселесі қозғалуда.

Ведомство блогерлерге осындай ынтымақтастықтан бас тартуға шақырумен жүгінді.

«Қызметі жарнамалық контентті таратумен тікелей байланысты блогерлердің назарын аударамыз. Агенттік жазылушылар алдында жауапкершілік танытып, заңсыз құмар ойындарды ілгерілетуге қатысудан бас тартуға шақырады», - делінген хабарламада.