Жетісу облысында Талдықорған білім бөлімінің лауазымды тұлғаларына қатысты үкім шығарылды.
Антикордың баспасөз қызметінің мәліметінше, олар бюджет қаражатын ұрлау мақсатында ұйымдасқан қылмыстық топ құрып, оған қатысқаны үшін сотталды. Қылмыстық топ 2020 жылғы қаңтардан 2023 жылғы наурызға дейін Талдықорған аумағында әрекет еткені анықталды.
Оған қатысушылар білім саласында жұмыс істемейтін адамдарға, сондай-ақ өздерінің жеке шоттарына жалақы аударып, 4,5 млрд теңгеден астам қаражатты иемденгені хабарланады.
Нәтижесінде қылмыстық топтың ұйымдастырушысы 15 жыл бас бостандығынан айырылды, оның қатысушылары 9 жылдан 13 жылға дейін бас бостандығынан айырылды.
Сонымен қатар сотталғандарға мемлекеттік қызметте лауазымды атқаруға өмір бойына тыйым салынды. Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Еске салайық, бұған дейін Антикор Талдықорған білім бөлімінің лауазымды тұлғаларына қатысты тергеуді аяқтағаны хабарланған болатын. Олар 13 қатысушыдан тұратын ұйымдасқан қылмыстық топ құруда айыпталды.
Кейін Жетісу облысында Талдықорған білім бөлімінің басшысы Ж. Джолдыхановқа қатысты үкім жарияланды. Ол осы бөлімнің бас есепшісінен 280 млн теңге көлемінде пара алғаны үшін кінәлі деп танылды. Пара «бюджет қаражатын ұрлау фактілерін жасыру және жұмыстан босатпау» үшін берілген. Нәтижесінде Джолдыханов мемлекеттік қызметте лауазымды атқару құқығынан өмір бойына айырумен 11 жыл бас бостандығынан айыру жазасына кесілді.
Фонд-бюро расследования коррупции