Skip to main content

35 млн ұрлады Астанадағы балабақша меңгерушілері

Submitted by Вера Александрова on

Астанада балабақша меңгерушілері, ЖШС директоры және балабақша қызметкері 35 млн теңгеден астам қаражатты жымқырған. 

Астана соттарының баспасөз қызметінің мәліметінше, меңгерушілер сатып алынбаған азық-түлік өнімдеріне өтінім беріп, сондай-ақ объектісі дұрыс көрсетілмеген электрондық шот-фактуралар, жүкқұжаттар, салыстыру актілерін жазған. Меңгерушілер ақшаны ЖШС директорының шотына аударғаны хабарланды.

«Сотталушылар ЖШС директорының көмегімен өздеріне сеніп тапсырылған мүлікті ерекше ірі мөлшерде, 35 млн теңгеден астам сомаға жымқырған. Сотта прокурор айыптауды қолдады. Сотталушылар кінәсін мойындамай, ақтау үкімін сұрады», - делінген сот үкімінде.

Нәтижесінде сот меңгерушілерге 3 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Олардың біреуіне жеңілдететін мән-жайларды, сондай-ақ денсаулық жағдайын ескере отырып, нақты мерзім бас бостандығын шектеумен ауыстырылды. Балабақша қызметкері де осындай жаза алды. ЖШС директорына 4 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

«Сотталғандарға мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік секторда лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыру түріндегі қосымша жаза тағайындалды. Үкім заңды күшіне енген жоқ», - делінген хабарламада.